Ақ Жайықтың айдыны – Ақұштап Бақтыгереева‎

Бұл бетте «Ақ Жайықтың айдыны» атты Ақұштап Бақтыгереева‎ жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 28.11.2015
  • 0
  • 1
  • 12635
Ай, күні бар Жайықтың,
Ақ таңы бар арайлы,
Айдыны бар Жайықтың,
Әлдилеген талайды.
Даласы бар Жайықтың,
Алуан түрлі гүл өскен.
Жағасы бар Жайықтың,
Ғасырлармен тілдескен.
Ұл аңсаған ауылға
Даусы күй боп таралған.
Толқынынан дауылда
Құрманғазы жаралған.
Елдер көшкен далада
Тынышсыз бір тұрды ағын
Елдер көшкен жағада
Керіледі құм Нарын.
Ішке шері сыймады,
Шөліркеді сол құмдар.
Дүниеге Динаны
Алып келді толқындар.
Сұлулығын қайғылы
Қыз Жібекке сыйлаған,
Сезім, сырын айдыны
Аямады Динадан.
Жұлқып өмір есігін,
Исатайы ер жеткен,
Өжет толқын бесігін
Махамбеттің тербеткен.
Жасынан әр жүректі
Күш-жігерге билеткен,
«Қыран бол- деп түлекті
Өр мінезге үйреткен.
Ай, күні бар Жайықтың,
Ақ таңы бар арайлы.
Айдыны бар Жайықтың
Әлдилеген талайды.


Пікірлер (1)

Аспр

Аса күрделі

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері