Дүбірлі күндер өтті дөңеспенен – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Дүбірлі күндер өтті дөңеспенен» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 13.01.2022
  • 0
  • 0
  • 807
Дүбірлі күндер өтті дөңеспенен,
Дабылды жылдар жетті белеспенен.
Балам-ау, күліп тұрған сені көрсем,
Жастығым көз алдыма елестеген.
Қайта алмай жастығыма, қарайладым,
Аралап туған жердің бар аймағын.
Келші ұлым, мезгіл жайлы сырласайық,
Алдында қатар тұрып шарайнаның.
Ізіміз қатар түссін жер бетінде,
Жер беті ұрпақтарын тербетуде.
Туған жер құшақ жайып, тебіреніп,
Қанатын қыран құстың серметуде.
Сен-дағы мұңаймашы, күрсінбеші,
Кеудемде жүрек болып дүрсілдеші.
Сүйеніп бәйтерекке бала қайың,
Тербеліп тіршіліктің тұрсын кеші.
Сен менің бүгінімсің, ертеңімсің,
Өмірде жалықтырмас ертегімсің.
Жанымда сен болғасын биік ұшам,
Көңілде күмбірлеген көркем үнсің.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері