Жаратқанның тілегін тәңір берді – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Жаратқанның тілегін тәңір берді» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.01.2022
  • 0
  • 0
  • 618
Жаратқанның тілегін тәңір берді,
Махаббатқа малынып мамыр келді.
Құстар біткен көшірді әуеніне
Әлемдегі әдемі әмірлерді.
Ара сызық айырып ақ-қараны,
Жапырақ боп шулады бақтар әні.
Аршылмаған ағыстың арасымен
Айнабұлақ арманын ақтарады.
Армандарын ақтарды Айнабұлақ,
Жайдарман күн астында жайнады бақ.
Шалқар көлдің жағаны шайғаны ұнап,
Алқаптардың айқара аймағы ұнап.
Көкіректің түймесін күн басқанда,
Мөлтілдейді мөлдір мұң түнгі аспанда.
Жанның әні шырылдап мың дауыспен,
Жымдасқанда немесе ымдасқанда.
Арманының арнасын ақтара алған,
Алақанын соғады бақтар алдан.
Мамырлаған күтемін мамыр айын
Мамықтарын ұшырған Мақтаралдан.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері