Қарақалпақ елінде – Қатира Жәленова

Бұл бетте «Қарақалпақ елінде» атты Қатира Жәленова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 17.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1067
Бүгін саған арналады асқақ ән,
Әму елі,
Есігім ең ашпаған.
Дарияңдай тасып тұрып көңілім,
Қосық1 оқып мен өзіңде йоштанам2.
Өткір алмас,
Ақ семсерін жастаған,
Айбатымен
Жаудың жүзін жасқаған,
Армысыңдар,
«Қырық қызы» Әмудің,
Гүләйімдей қолбасшысы бастаған!
Бәрің бірдей
Сауыққұмар,
Жырқұмар,
Сендер жайлы
Көкірегімде сыр тұнар.
Жаудыраған жұлдыздары Әмудің
Армысыңдар,
Апа-сіңлі, құрбылар!
Жүрегімде алаулаған жалын бар,
Сол жалыннан
Дос көңілімді таныңдар.
Келдім алып
Сырдың ыстық сәлемін,
Армысыңдар,
Қарақалпақ бауырлар!
Аспаның да
Көңіліңдей ашық тым,
Қарсы алады
Алтын нұрын шашып Күн.
Мен сіздерге жеткенімше асықтым,
Мен сіздердің бәріңізге ғашықпын!

1 Қосық – өлең
2 Йош – шабыт


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері