Фариза ақынға

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

  • 18.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1032
Аманбысыз, ақын апа, қыз апа!
Әр сөзімнің ақ қарасын, сүз апа!
Мақтап қайтем, мақтанамыз сіз бар деп,
Тілімдегі күрмеуімді үз, апа!
Шымқалада басталды деп бір кешің,
Күмбез жырдың күмбірлеттім іргесін.
Шын жүйрікке елеңдемеу мүмкін бе,
Бір қоғамда өмір сүріп жүргесін.
Ібіліске ілескендей із-құтсыз.
Жар басына тірелдік пе жылжып біз.
Байлауы жоқ бейпіл сөзден дәм кетті,
Фаризасыз Парламент те тұздықсыз.
Аласұрып адамзаттың қамы үшін,
Өлі еттен тазартпадық намысын.
Кепілге алған кекілді ұлдай кемсеңдеп
Қол созымда Түркістаным, Бағысым.
Шаба-шаба қос бүйірі соғылған,
Қыршаңқы аттай түк келмей тұр қолымнан.
Махамбеттің суырсаңыз қылышын,
Шоқпар алып ерер ме едім соңыңнан.
Азаматтан ат оздырған, қыз апа,
Жетер жерге жете алдық па біз, апа?
Шындық іздеп жүргендердің шырқырап
Шілдеде де көкірегі мұз, апа!
Егеменбіз, жоқ сияқты егеміз.
Еркін өмір сүре алмаймыз неге біз?
Еркімізбен пара беріп, күн үшін
Зорлық пенен зомбылыққа көнеміз.
Кешіріңіз, сөзім емес сын таққан,
Мезі болып аярлардан, бұлтақтан
Сізге біткен нұрлы ақылға жүгініп,
Біз түгілі Мұқағали мұң шаққан.
Беу, апатай, не дегізбес заман бұл?!
Саусағыңнан сырғымасын қалам-гүл.
Жөні бөлек, жыры бөлек қазақтың
Қызыл қанат қасқалдағы, аман жүр!

Шымкент.
17 наурыз, 2002 ж.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Фариза ақынға өлеңінің авторы кім?

Әселхан Қалыбекова — осы өлеңнің авторы.

Фариза ақынға өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Фариза ақынға өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Әселхан Қалыбекова өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Фариза ақынға өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері