Мидың ойсыз бостарынан шаршадым
Бұл бетте «Мидың ойсыз бостарынан шаршадым» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.
Мидың ойсыз бостарынан шаршадым.
Мылжыңдардың тостарынан шаршадым.
Ұйықтатпайтын ақ жындардан шаршадым.
Күлдірмейтін қалжыңдардан шаршадым.
Ақмақтарды кешіруден шаршадым.
Ашу өртін өшіруден шаршадым.
Күмілжіген жасық сөзден шаршадым.
Күлімдеген ғашық көзден — сақтай гөр!—
Қай кезде мен ғашық көзден шаршадым?!
Барар жерге тап-таза боп жетемін.
Бойдағымды сарқып беріп кетемін.
Маған жайған текеметті — кілеммен,
Тас бөстекті — құс төсекпен өтедім.
Барар жерге тап-таза боп жетемін.
Бойдағымды сарқып беріп кетемін
Өзім жеген құлақтарды — жамбаспен,
Қозы-лақты — қошқарлармен өтедім.
Барар жерге тап-таза боп жетемін,
Бойдағымды сарқып беріп кетемін.
Қастан ішкен қара суды — шәрбатпен,
Алғы сөзді — абыроймен өтедім.
Дәм таусылып нұрлы туын жығар күн.
Есептеулі дем қалғанын ұғармын.
Жамандықты жамандықпен қайырмай,
«Қарыздар» боп кететұғын шығармын.
- Бернард Шоу
- Марк Твен
-
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі