Өлең, жыр, ақындар

Кармен

  • 28.01.2022
  • 0
  • 0
  • 809
(аударма)

1
Сиқыр бір сазға таңданып,
Жүзіңе шапшып бар қаның,
Күтесің ессіз арбалып
жымыңдап шамдар жанғанын.
Тағатың бойда қалмай шын,
шамаң жоқ күліп, жыларға,
талықсып кете жаздайсың
жарқ етіп Кармен шығарда.

2
Аспанда Айдың сынығы жасыл нұрмен тербеліп
ұйқылы-ояу қалғиды, самал үнсіз сенделіп
тыншымайды,
кешегі мұз да балқып кетті ғой,
Дауыл құшқан кеудемді мазалайды шексіз ой.
Айдан нәзік бар ма екен?! Күннен жарық бар ма екен?!
Ешкімге айтпа: әлемде бар ғажайып таң мекен:
сонау биік үйдегі соңғы қабат, бір бөлме,
сәулесі оның нұрлырақ көктегі Ай мен Күннен де.

3
Таң перісін көрмеп ем бұрындарда –
алтын шашты, нұр ескен дидарынан.
Көк аспандай мелдіреп құбылғанда
төгілердей бір ғажап күй жанынан.
Түнде бірақ басқаша көрінеді:
қорқынышты, түнектей жаны мұнар;
өртенгендей шашы мен өң-іреңі,
Ал үнінде дауылдың дабылы бар.

4
Көктемдей ғажап күйге енем,
тыншытар бір жай жоқ мені.
Хозені оқтай түйреген
жанары қандай отты еді!
Сұлулық сырын жаңа ұқтым:
маржан тіс, мүсін қайыңдай...
Сонда мен естен таныппын
күндіз бен түнді айырмай.
Шырқайды ол: «Қиын енді аман
қалуың — мерт боп кетесің,
Махаббат үшін сен маған
өміріңді құрбан етесің!»

5
Карменнен күтіп бір үміт,
табынып толқын мүсінге,
соңынан ессіз жүгіріп,
шұбырған жанның ішінде
біреу тұр мұңды бүгін де
күбірлеп күңгірт іңірге,
кеткендей бойдан күй, ерік,
Лиллас-Пастья түбінде
сұр қабырғаға сүйеніп,
қарсы алар солай таңды ұзақ,
от берер үміт жоқ тағы,
қиялында оның жалғыз-ақ
Карменнің жырдай от тәні!

6
Жанына бір жан келе алмас,
ашулы жанар, өрт қылық...
Көргенде Сізді мен алғаш
бойымды тасқын өтті ұрып.
Қарайсың (неткен өр түрі!)
деміңді де еркін ала алмай,
қуқыл жүз, шаштың толқыны
сені орап қазір алардай.
Кездесу үнсіз... күй... мұңдар...
талайын бастан кешіргем,
Сезімге толы қимылдар
Тандырды мені есімнен.
Өкініш тұнып жанарда,
ескендей дауыл қолдардан.
Осылай қатал
адамға
арыстан қарар қорғаннан.
Эскамильо тіл қатып
қадайды жатқа жанарын...
Қызғаныш, ыза тулатып
бұрқанды Сізде қан - ағын.
Қаһарлы жүзден таң нұрын
күту де мүлде бекердей,
жер қылып жұрттын, барлығын
жанармен түйреп кетердей.
Қарамау керек бұл түрге,
үндемеуге де жоқ шамам.
Мұндайда сөйлеу мүмкін бе?
Амалсыз, үнсіз тоқталам.
Кеттіңіз жұртқа жат қарап,
жұлдыздай жалқы көрікпен.
Нәп-нәзік иық, ақ тамақ
таныс қой маған. Неліктен?
Тағдырдың жазған заңындай
бейнеңіз қалды, қалды үміт.
Аңсаудан жүрек арылмай
сағынар, сақтар мәңгілік...
«Кетейік мынау өмірден,
өмірден — қайғы-мұңдардан!»
Шыңғырып жатыр зор үнмен
өмірін құрбан қылған жан.
Есімде қимыл, сәт — бәрі...
Ал сыртта - марттың ақ қары.

7
Бұталар – көктем бүр жарған,
көңілімде - мөлдір мұңды арман.
Ендеше күткен көп күннен
сәулелер сөнген жоқ мүлдем.
Төсіңнен сенің өбтім мен.
Сыйладың арпа - жан гүлі,
даланың мақпал шалғыны,
жетер деп қашан арман үн
күтумен атқан таңдарым,
сен мені есіңе алғаның.
Бөлмемде раушан тұр бүгін,
белгісі сенің бұл гүлің –
Шашың ба толқын, әндер ме,
жүрек пе, ессіз жан ба әлде
тұтқын боп қалған Карменге?

8
Сен менің ұмыт әндерімдейсің
тағылау түнек тағдырымдағы.
Көзіме басқа жан көрінбей шын,
сен болдың - өмір, ән-жырым - бәрі.
Түсімде ерніме көміліп ернің,
сусадым нәрсіз кепкен жерлердей.
Сен менің күңгірт өміріме ендің
қоңыраулатып көктем келгендей.
Жанымнан өтіп кете барасың
ертегілердің ханшаларындай.
Дүниеде өзің жеке-дарасың,
шаршады жаным аңсауы арылмай.
Ұйқтайсың - бейне аумай Ай, Күннен –
жанымда менің өмірлі, от кейпің,
түсіңде көріп таңдағы айдын мен
арманды - менің қолым жетпейтін.
Түсіңде мәз боп күлімдегенің,
туған жер әлде көрінді ме екен?
Мен де одан өмір нұрын көремін,
жұмақтай мөлдір көгілдір мекен.
Тамашаладың таза жаныңмен
сол жұмақ жердің таңын, гүлдерін.
Шырқайсың сосын ғажап әніңмен
құштар сезімнің дауыл күндерін.

9
Махаббат, рас, еркін ғой құстай,
әйтсе де, Қармен, сендікпін.
Құс едім, сенің дертіңнен ұшпай,
аңсаумен шәрбат-шер жұттым.
Қарменсіз бүгін жаным тұл менің,
түк емес темір төзім де.
Сандырақ, кұмар, жалын түндерім –
ойнақы отты көзіңде!
Өзіңді жырлап, көктегі құсым,
қамалды бұзам қоршаған.
Мені күйдірген өрттерің үшін
жұлдызды аспанға жол салам.
Толқыны сенсің, жарқылдап жатқан
өзен боп ақса жырларым.
Қалсын деп мәңгі әтірің жаққан
қолымды да әлі жумадым.
Тылсым ойлардан жатқанда арылмай
төсекке сенсіз сыймадым.
Сол сәтте түнгі аппақ жалындай
жарқ етер нұрлы дидарың.
Қиялға батып жүрмін мұңданып
қолымды жайып елеске.
Басқа бір елде жүрсе де,
ұрланып
алар деп кейде мені еске.
Дүлейлері мол дауылды өмірде
келсін де тездеп құшақ жаяр күн.
Жұлдыз бол жалғыз менің көгімде –
тілегім қалсын көңіл төрінде,
ұзақ жолда да, Кармен аяулым!

10
Болмайсың мендік, ешкіммен және жүрмейсің,
өзіңе тартар күшің де осы, ақылдым,
мұңдарды серпін, дауыл кешуге үндейсің,
сондықтан саған табынған ессіз ақынмын!
Қарасаң - асқақ, әйелге тән бір күнәмен
сұлулығынан жазаланғандай қырсығып.
Үңілсең - оның жанында ғажап бір әлем
еңіреп жатыр тереңдіктерге тұншығып.
Осы еді мені өзіңе ессіз құлатқан,
көрсем де сонда жалғыз-ақ рет не бәрі...
түсініксіздеу жанарың мені ұзатқан
білмей-ақ тұрып, сүймей-ақ тұрып мені әлі.
Өзіңе өзің құдайсың, жырақ самғайсың
биіктіктерге, жұлдызды сонау жақтарға,
түтінге толы әлемде жалғыз жандайсың
іздейтін тынбай жаңа дауылды ақ таңда.
Сол таңда барлық тұрақсыздықты жел күреп
кеткендей,
бақыт, ән тұнып,
ойға келмей мұң...
Бірақ мен сені сүйемін бүгін елжіреп,
өйткені, Қармен, менің өзім де сендеймін.

АЛЕКСАНДР БЛОК



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тың жер ұқсап торғынға

  • 0
  • 0

Тың жер ұқсап торғынға
таңғы шуақ күш құйды.
Түнгі алаудың орнында
көкшіл түтін бықсиды.

Толық

Жұрт мені қатал дейді

  • 0
  • 1

Жұрт мені қатал дейді
найзағайдай мінезі шатырлаған,
біреулері айтады ақыл маған:
өркөкірек, тәкаппар, менменсіген...

Толық

Мен саған сыр айтамын

  • 0
  • 1

Мен саған сыр айтамын:
біреулердің қайтеміз құр айтағын,
сезе тұрып қайғысын соңындағы;
білеміз ғой - қателік со жылдағы,

Толық

Қарап көріңіз