Өлең, жыр, ақындар

Біздің елде көктем-ау...

  • 13.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1095
(аударма)

Толқындарың бұрқанып,
таңдарыңнан нұр тамып,
көк аспанның төсінде
алқа қылып Күн тағып,
туған жерім,
бұрынғыдай тұр ма екенсің тамылжып...
Сені аңсаған ұлыңның
сағыныштан жан-жүрегін жалын қып.
Қашан көрем мен сені?
Сенен жырақ қайғы басты-ау еңсені...
Толқындарың есімді алса еркелеп,
жүруші едім бар асылға мен теңеп.
Сонда менің жанарымнан жалын ұшып армандай,
жырларымды шашушы едім маржандай.
Адамдар бар жалғанда
балық сынды судан басын алмайтын,
біреулер бар су сияқты
момақансып алдайтын.
Ал мен болсам - қара жерден жаралғам,
жүріп келем
күтетіндей таң алдан.
Әр таң маған сыбырлайды жаңа өмірдің келерін,
сол өмірге, жаңа өмірге сенемін,
Туған жерім, мен жырақта жүрсем де,
жүрегім мен ой-арманым бір сенде.
Осы сәтте біздің жерде жаңбыр құйып тұр шығар,
жауын иісін сезінгендей жаным соған ұмсынар.
Сенде аппақ қар жауса да сезінем,
сезінем де сағыныштан езілем.
Қандай күйде жүрсің сен.?
Сен көңілді жүрсің бе, әлде саған жаман ба –
бәрі-бәрі қаз қалпында сезіледі маған да.
Толқындарды тілгілеген
есерсоқтау желің де
кеудеме кеп соғатындай менің де.
Мына жаққа күз де келді,
солғызып пәк гүлдерін,
өткен жылғы қарашада сеніменен бірге едім.
Содан бері бір жыл өтті.
Бір ғана жыл. Қайғысы
ғұмырыма татырдай боп тұр менің...
Сібір жерін кезіп жүрмін мен бүгін,
күзгі дала кеңдігінен сергідім:
алтын сеуіп тастағандай даласы,
сары желек бүркеніп тұр ағашы.
Қазір бізде ерке қыздай кектем-ау,
ақ балтырын толқын сүйіп,
жанарында отты алау,
жағалауда жүгіреді,
әндетеді жартастарға секіріп,
ғашық жанның есін алып, дегбірін кетіріп.
Мен түстікте туғанмын.
Батыл жүрек үнділердің өрлігінен үлгі алдым,
арғымаққа қарғып мініп
жүйрік желмен жарысып,
кең даламен табысып,
гүлін тергем қырлардың.
Бірақ менің партиям
айтты маған бір жайды:
ат мінгеннен еш нәрсе де тынбайды.
Адам болғын кәдімгідей,
басқалардай жер басып,
кезе бермей белді асып.
Халқым менің,
өзен болсам егер мен
кең даланы қарық қылып,
шалқып тасқан кемерден,
кейде мұңды, кейде ызалы,
тыңдар едің үнімді,
түсінер ең жырақтағы жан-күйімді бүгінгі.
Шынында мен айдынмын,
жүрген жерім - айбынды үн,
сен туралы әндетемін қалай мен,
қуанышым, құшағыңда арайлы ем,
сен жоқ жерде өлшемі жоқ қайғымның.
Мезгіл,
саған өтінем:
туған жерсіз жүрегімнің оты кем;
қайтар мені жат құшақтан,
мәңгі мені тарпыма,
туған жерге, туған менің халқыма.
Сағындым ғой жігіттерді бірге өскен,
қара торы қыздарын да әуелі асқақ тілдескен,
Қашан көрем балықшы мен жұмысшыдай достарды
ащы-тұщы - бар өмірді бір кешкен.
Бүгін, міне, бәріменен бірге болсам көшеде
жұп жазбайтын қатарменен
ту көтеріп жүрмес пе ем...
Туған жерім,
аңсағаным, сүйіктім,
бір мен үшін сенің орның биік тым:
жүрсем-дағы тым жырақта өзіңнен
болмысыммен, сөзіммен,
Сенің анау жүзімдерің секілді
мойыл қара көзіммен –
бәрі-бәрімен сендікпін.
Сен бар жерде ұлымын мен, ерлікпін.
Сенің ғана ұлың болып қалам мен
қанымменен, түрімменен, санаммен.
Сендегі ылғи қатыгездеу көктемде
теңіз желі қоңыр беттен өбкенде
жұпынылау бәтеңкеммен нық басып,
жалаң төсті жігіттермен жұптасып,
кең көшеде қашан жүрем мен еркін,
бұл бақытты әкелер ме келер күн?
Аласұрып күтудесің сен мені,
Чили қызы,
аяулым!
саған деген іңкәрлығым
бар санамды кернеді,
бал татыған еріндерің тек қана
сөз жоқ менің жарақатты жүрегімді емдері.
Қашан, шіркін, барар екем
шыға сала жұмыстан
көзқарастан ұғысқан
күсті қолды жігіттермен жиналысқа асығып,
сосын мынау әділетсіз тіршіліктен ашынып,
сөз сөйлермін кашан мен?!
Сөйтіп жұрттың алабұртқан
көңілдерін басар ма ем,
бостандық пен бақыт жайлы
тебіреніп
үміт сөнген кеуделерді ашар ма ем?..
Аяулы Отан!
Қашан менің сүйген жарым боласың,
шын бақыттан қашан тасып толасың?
Екеуміздің мың-миллион баламыз
бақыт сеуіп аш-арықтың бәріне
салар ма екен бостандықтың әніне!
Туған жерім, қашан сен
жалба-жұлба киіміңді тастайсың!
Күйзелістен әлі күнге қабағыңды ашпайсың.
Қашан, қашан кұшағыңа енер екем мен шіркін,
қатал тағдыр,
неге менің талабымды жасқайсың?!
Туған жерім,
қашан сені
еміреніп құшам мен?
Қанатым жоқ -
қазір саған ұшар да ем!
Ешкім сені менше қорғай алмайды,
жырларыммен жібітемін
кебірсіген таңдайды.
Тек, әттең-ай,
қашан саған жетермін,
құшағыңа қашан енем мені аңсаған мекеннің,
қашан жетем сол бақытқа, апыр-ау?
Біздің жерге қызыл-жасыл
көктем келіп жатыр-ау…

ПАБЛО НЕРУДА



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өзіңді жерлеп келіп, жапа-жалғыз отырмын

  • 0
  • 0

Өзіңді жерлеп келіп,
жапа-жалғыз отырмын. Меңіреумін.
Айналамда қыстыққан еңіреулі үн...
Әлем деген қап-қара бұлтқа оранып,

Толық

Қорғаныс

  • 0
  • 0

Өмір сүру дегенің –
қорғау өзің өзіңді.
Өмір бойы келемін
қалқан етіп сөзімді.

Толық

Әйелге деген махаббат

  • 0
  • 0

Түндерде жалын боп өткен
біреуді жаным деп өпкен
сенің гүл еріндеріңнен
әйтеуір жерінбедім мен.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар