Өлең, жыр, ақындар

Қаладағы өмір

  • 18.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1503
Болмаса да самсаған тал-терегі,
кең болатын қазақтың арқа-жеңі.
Отын іздеп, су іздеп жүргенде де
даламыздай жанымыз дарқан еді.
Қонақты үйден қуаныш шарықтаған,
сол дәстүрден бұл күнде қалып барам.
Алақайлап жүгіріп бала біткен,
келіншектер аққудай қалықтаған.
Қонақ келсе, ырыс деп сабылатын,
өкпелейтін келмесе, сағынатын
күндерімді кім қайда ұрлап кетті
орнатқандай шуақты жаныма түн?
Енді бүгін қалада жан ұшпайды,
жат адамша сөйлейміз таныс жайлы.
Қырық ру боп онсыз да жүрген елдің
онан сайын арасы алыстайды.
Жерошағым тұрса да жеке маздап,
қонақ десе шаншады шекем аздап.
Қала үйінде кіржіңдеп күн кешеміз,
қонақсыз-ақ жынданып кете жаздап.
Қуанбаймын келсе де қымбатты адам,
мықтылармен теңмін деп құр мақтанам.
Тап-тұйнақтай тұрағым – тас сарай да,
жан дүнием – тулақтай күн қақтаған.
1996
***
Ұнамасам қайтейін, ұнамайын,
шашым жұлып шекпейім бұған уайым.
Біреулерді білгішсіп сынамайын,
жүрегімнен жас бұлап, жыламайын.
Менің көңілім онсыз да – құрақ көрпе,
көтере алман біреудің былағайын.
Қуалайын сағыныш-құралайын,
жасағаннан жұбаныш сұранайын,
күн бермесе қайтейін, күн бермесін
тағдыр деген көк долы құдағайым.
Сәмбіталды сескейді мына қайың,
пәктігіңді кешпейді бұл ағайын.
Ұнамасам қайтейін, ұнамайын.
Жырмен жуып шерімді шығарайын,
мәпелейін жырымды мұрадайын.
Маңғаз Махамбетінің басын кесіп,
құса қылған елміз ғой ұлы Абайын,
жыламайын мен де құр құламайын,
ойларымды өрейін, сыналайын –
сәулелі жан шам алып іздер мені,
өзі айырар пәктік пен күнә жайын.
1995



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Дүние бос қалды ғой сен кеткелі

  • 0
  • 1

Дүние бос қалды ғой сен кеткелі,
күлегеш достарды қой жер-көктегі:
ешбірі өзіңдей боп жүрегімді
шаттықтан не қайғыдан кернетпеді.

Толық

Дос туралы ертегі

  • 0
  • 0

Дос туралы ертегі - Фариза Оңғарсынова
Бір досым бар, сағынып
көрісеміз күнде біз.
Отырмаймыз жабығып –

Толық

Жанымның қозғалысы, ағыстары

  • 0
  • 0

Жанымның қозғалысы, ағыстары –
өзіңе бұрыннан да таныс бәрі,
өзіме бағынбайды тасқын судай,
кеудемнен ән ұшқалы.

Толық

Қарап көріңіз