Өлең, жыр, ақындар

Қыр қазағының қартайғандағы сөзі

  • 30.03.2018
  • 0
  • 0
  • 3738
Далада өстік
арғымақ аттың жалынан тартып мінуді біздер армандап
(жаяулап кешкен тіршілік құрысын таңдайың кеуіп,
тал қармап!)
сонан соң біздер ойқастаушы едік
күміспен күптеп тұрманды,
көрінуші еді түк еместей боп дүниедегі қалған бақ.
Тарпаң тұлпардың тұяғымен тіліп бозала таңның
көрпесін
шыққанда, шіркін, әлем дегенің табынып бізге,
таңданды-ақ!
Бозбала болдық.
Құр асауларға құрық салғанда дірдектеп тұрған
шақтар-ай!
Қызыл түлкіге қыран салмаушы ек баптамай.
Ата-бабаның аруағына тілін тигізгендерді тынбадық
тәубаға келтіріп таптамай!
Ақсақалдардың алдында ғана кішілігімізді көргенде,
таңданған шығар жат талай.
Сұлуды құштық
жалбарынбай, жасқанбай
даланың өртті күніндей ыстық, аңғалдау албырт
сезіммен
(дариға, сол шақ қайталанбайтын,
айта қалатын кезім бе ең!)
даланың асқақ арулары сонда аққұба өңдерін суалтып,
от құшақтарда елжіреп ессіз езілген.
Өрт сезімдерден бас айналғанда талықсып
таң атар шақта көз ілген.
Дариға күндер өтті де…
Нартәуекелшіл жомарт жандардың қайнатып қайран
жігерін.
Кәрілік деген қырқадан бүгін қыран көзімді тігемін:
сонау кездегі жалын шақтарды көрсем деп
жастарда үміт-тілегім.
Әлжуаз, бозаң бозбалалардан құлазып кетсе көңілім,
таба алмай қалам бір емін.
Сұңқарлығым егер шын болса, менің балапаным қарға
болмас хақ! –
Дәл солай тегі… білемін!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Поэзия

  • 0
  • 0

Махамбет аудармашысымен әңгіме
Поэзия –
әйелдей жұмбақ әлем,
сиқыр сырын түсінер тұлға да кем:

Толық

Жүректі оймен қамалап

  • 0
  • 0

Өзгелер қызық кешіп жатыр күліп.
Адамдар «ойнап-күлген күнә,» - дейді,
өздері сол күнәға батып жүріп.
Батсам деп күнәсына адамдардың,

Толық

Әпкесінің әні

  • 0
  • 0

Айым менің қайда екен –
достарымен тойда екен!
Тойда болса, отырсын –
қолына жүзік толтырсын!

Толық

Қарап көріңіз