Сағындым, аға, сізді – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Сағындым, аға, сізді» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 19.02.2022
  • 0
  • 0
  • 3365
Әди Шәріповтың рухына

Ардақты әке, асыл жар жанұяға,
сіздей адам болса ғой әр ұяда…
Біз қиналсақ, "қарағым" деуші едіңіз,
жүрмін Сізді сағынып, Әди аға!
Құйын-заман салуда тағы лаңын,
күзгі бұлттай қонады жаныма мұң.
Сәуле іздейді көңілім, Ағалардың
алақанын, мейрімін сағынамын.
Сан сұрақтар қаумалап қамалғанда,
тұңғиық боп көрінер дала, маң да.
Сирек тартып барады сондай сәтте
сүйеу болар бауыр да, ағалар да.
Тосатындай алдымнан жат аңғарлар,
қаулап өсіп келеді қатал жандар.
Жанашыры сиреген мынау елге
керек боп тұр дәл сіздей қаһармандар.
Еркін самғап шарлаған дала-түзді
құс сезуші ем өзімді қанаты ізгі.
Шақырмайтын секілді шырқауларым…
Шаршаудамын. Сағындым, аға, Сізді.
Сағындым, аға, Сізді…
1997


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері