Аралап жүр көктем кеп бар алапты – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Аралап жүр көктем кеп бар алапты» атты Фариза Оңғарсынова жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 880
Аралап жүр көктем кеп бар алапты,
рақатқа маужырап дала жатты.
Жаңбыр құйып, біздерді жалғыз түйір
қолшатырдың астына паналатты.
Паналатты айтпаған тілек бізді,
бір керемет ұғысу жүректе ізгі,
қалай жақындасудың қыбын таппай
тұрған екеумізді де дір еткізді.
Бозарады шаюдан тозған аспан.
Уақыттан тыс келеміз, сөз жарасқан,
сөзбен емес, қос жүрек түсінісіп
әр қимылдан, қабақтан, көзқарастан.
Мені өртеуде оты мол нұр қарасың,
тайғанақтап көз салам ұрлана, шын.
Қандай жарға соқтырар бұл күйіміз,
немен, қалай жалғасар бұл жарасым?..
Мұң теңіздің мұздарын талақ еттім,
мәңгі ұмтылған жағаға жаңа жеттім.
Менің тәкаббарлығым, өрлігімді
қоштасқанда өзіңмен ала кеттің!
1983


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері