Қолында билік барларға – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Қолында билік барларға» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1546
Қолында билік барларға
жағынып жалпаң қаққандар,
секіріп аттап ардан да,
биліксіздерді таптаңдар!
Мансаптың дертін емдер ме,
дәру жоқ, соны түйдік біз.
Мазмұнсыз, мәнсіз сендерге
күн көру қиын биліксіз.
Жүйкемді мен де жонам кеп,
өссем деп биік бәрінен.
Сендерге обал болар деп,
жағынбай келем әлі мен!
Жанымды жеді бір мұңым,
басылмай тіпті дәріге:
санаулы билік құрғырың
қалар ма жетпей бәріңе?
Сен үшін мен де мұңданам,
өңештен асың өтпесе.
Тимесе билік – күн қараң,
ойбайды салып, от көсе!
Қайғырма маған сен бірақ,
жағдайым менің басқаша:
өлеңім барда, жер – жұмақ,
оқыма, саған жақпаса!
Көйлегім бүтін, күйлімін,
жатқам жоқ шіріп жағада.
Жаутаңдап алған билігің
еркіндігімнен садаға!
1984


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері