Неге – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Неге» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1918
Басқа ем атақ, беделім жоқ шағымда,
өзгеріппін жуғандай көк сабынға.
Жақсыларым жат болып бара жатыр,
дұшпаныма айналды достарым да.
Бүгін бәрі өзгерген: жолым, қамым,
жолдас-жорам, әдетім, сөз ырғағым.
Талайлардың ақ дәмін татып едім,
ұмытыппын бұл күнде соның бәрін.
Маужыраған, мас болған таңғы үмітке,
достым, менен баяғы әнді күтпе.
Бір дастарқан басында дәм татқандар
туыс болар десе де мәңгілікке.
Баяғыша болғанмен түрім, демім,
басқа әйтеуір бұл күнде үнім менің.
Жылы шырай күткенге қабақ түйіп,
жылуы жоқ жандарға күлімдедім.
Заман – айдын, адам – құл, ортаң – кеме.
Тіршілікте құландай жортам деме.
Жалғыз қалсам, жанымды зіл басады.
Кейде айнаға қарауға қорқам. Неге?
1990


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері