Ұйқы – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Ұйқы» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1363
Ел ұйқыда. Тым-тырыс,
ауыл иті қалғиды.
Дауыл да жоқ. Қыр тыныш,
тыныштық та әрқилы.
Сөйлесе ауыл ағасы:
«Ел, ұйқыдан тұрғын!» – деп,
керіледі баласы
төсегінде міңгірлеп.
Өзгеріпті бүгін ел:
жатса бір ит сыртта үріп,
ауыл түгел жүгірер,
аяғынан тік тұрып.
Ел шулайды, іс қылмай,
заман құлқын байқай ма?
Дана сөзді қыстырмай,
жүгіреді айқайға.
Мысқылдап жұрт қарайды
ұйқылы-ояу сиқыма. –
оятатын талайды
намыс әлі ұйқыда.
Түнек пе әлде ақ таң ба –
білмен, кеудем тас қамыт,
ұйқы тәтті жатқанда
намысымды жастанып.
1987


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері