Сәуірдегі шуақ-ай – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Сәуірдегі шуақ-ай» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1389
Сәуірдегі шуақ-ай,
сағымы ойнап, күн күлер.
Көзі жанып шырадай
шырт ұйқыдан тұрды Жер.
Сары даланың сәні ме
тыржалаңаш құба шың –
төңіректің бәріне
еміреніп тұрасың.
Таудан, талдан, тақырдан,
естіледі күй түрлі.
Өзін-өзі шақырған
көкектер де сүйкімді.
Шың қойнауы – тұнба сыр:
іші – шуақ, сырты – жел;
үңілсе де бір ғасыр,
ұға алмайды құлқын ел.
Шуақ - жанға шашу да,
барлық әуен нәр үндей.
Өмірің де басында
үмітке бай сәуірдей.
1977


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері