Жылқышы бала – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Жылқышы бала» атты Фариза Оңғарсынова жазған бала туралы өлең берілген.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 3547
Құрық алып қолыма,
қамшы салып торыға,
жылқы айдаймын жайлауда,
шаң ілеспей соңыма.
Ат көрмесем, сағынам,
жүйріктерге табынам,
ұшқан құстай зуласа,
жел еседі жалынан!
Арғымағым, арында,
жеткізбейін сағымға.
Ат жалында ойнаған
менің аталарым да!
Көрші біздің даланы –
қызыл-жасыл алабы,
жүйрік атпен жарысып,
ол да зулап барады.
Елдің көркі — сәйгүлік,
ердің көркі — сәйгүлік.
Жүрген қандай жайлауда
жүйрік қуып, тай мініп!
1974


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері