Өлең, жыр, ақындар

Ғабеңмен алғаш кездесу...

  • 31.03.2022
  • 0
  • 0
  • 656
"Кімсің?" — дедің жаңа сен,
Жан-жағыңа қара сен.
Ашып айтсам мен саған,
Ғабеңнің күйеу баласы ем.
Өмір қандай тамаша ең,
Мен де бір арна саласы ем.
Омаров-сынды Ілияс —
Тұлғаның күйеу баласы ем.
Оң етіп жолды лайым,
Жар еткен өзі Құдайым.
Ілекеңе туған нағашы —
Көпештің қызы — жұбайым.
Болмаса да дәнеңе,
Қалмасам деймін бәлеге.
Ілекеңнің жанжары,
Телефон соқты Ғабеңе:
− Үй ішің аман ба?..
... Не болғанын хабарла...
Ілиясқа күйеу бұл бала,
Күйеу бала саған да, −
Деді де айтты бір шаруа,
Бітер деді иншалла.
Ұлы адамды Ғабеңдей,
Оңай емес жұмсау да!
Таңырқадым таң қалдым,
Екі тұлға жандардың,
Ілияс пен Ғабеңнің,
Дос-туысын аңғардым.
Шақыртты екен, а, неге?..
Ойымда жоқ дәнең.
Хабар алдым күн өтпей,
Жетсін деген Ғабеңе!
Жүрегімді толғанттым,
Не болса да қолды арттым.
Санаторий "Алматы" —
Қайдасың деп жол тарттым.
Калай енді жол табам,
Карта көрдім ортадан.
Есік қағып ішке енсем,
Отыр екен төрт адам.
Қолда карта ойда екен,
Бәрі таныс жан ба екен?..
Сәлемімді алар алмастан:
− Мизер! — деді Әлжекең.
Ғабаң басын имеді,
Әлжаппар аға сөйледі.
− Жолың болар, әй бала,
Мизер анық, құй! — деді.
Түсінбедім басында,
Саусақтарым шашымда.
Жеңіп шықты Әлжекең,
Солай болды расында!..
Көздері тұнық ойлы еді,
Ешкім сөзін бөлмеді.
Ғабиден аға шалқайып,
Келесі жол: — Он! — деді.
Жанымды менің толқытты,
Шыныменен қол шықты.
− Келіп тұр ғой ортаға,
Қол шығарғыш бір мықты!
— Деді бірі бұрылып,
Іштей сөзге жылынып,
Қашқым келіп мен тұрмын,
Қалмасам деп ұрынып.
Қол шығарып жапырттым,
Қолдан тұз-дәм татырттым:
− Мына бала кім екен,
Көрейін деп шақырттым!..
Сынап Ғабаң жанары,
Жаным толқып барады.
Сырбаз жүрек сыланып,
Жан-жағына қарады.
Көтеріліп бір саты,
Болмағандай мұрсаты.
− Өзіміздің Ілияс —
Телефон соққан Гүлшаты!..
Селқоссыз ғой Сіз неге?..
Қарау керек ізге де.
Ілиясқа бала болғасын,
Күйеу бала бізге де!
Тасқан теңіз кемері,
Көрдім ұлы кемені.
− Ал Ғабиден ұнаса,
Батаңды бер! — дегені.
Ұғу қиын жайымды,
Парықты сөзбен пайымды.
Қарсы болмай ол болса,
Батасын қысқа қайырды.
Біреудің құлын, тайымын,
Батасын алып байыдым.
Жүзді өмірде іркілмей,
Содан бастап қайығым!..
Табиғаты — табанды,
Тәкәппар, ізгі, жанарлы.
Осылай алғаш мен көрдім,
Ғабеңдей ұлы Адамды!

24 мамыр 2002 жыл
Астана



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Алпыстан соң – әр күніміз бағалы

  • 0
  • 0

Алпыстан соң – әр күніміз бағалы,
Жүректерде бір-бір жұлдыз жанады,
Шығып алып алты асқардың шыңына,
Жанарымыз таудан төмен қарады.

Толық

Сексеуіл де гүлдейді....

  • 0
  • 0

Аппақ құм шөл далада туып өскен,
Тағдырдың тауқыметін уын ішкен.
Шөл далада мен өскен сексеуілмін,
Тамыры терең ғасыр суын ішкен.

Толық

Солтүстігім...

  • 0
  • 0

Қарағанды,
Қостанай,
Өскеменім,
Қарқаралы басынан

Толық

Қарап көріңіз