Болашаққа хат – Шөмішбай Сариев

Бұл бетте «Болашаққа хат» атты Шөмішбай Сариев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 08.04.2022
  • 0
  • 0
  • 2205
Болашақ! О, Болашақ! Сен қандайсың?
Жұлдыз болып алыста жанғандайсың.
Шомылып сәулең Сырдың толқынына,
Аралдың айдынына тамғандайсың.
Болашақ! О, Болашақ! Сен қандайсың?
Жайқалған жапырағы ормандайсың.
Байқоңырдан басталған ұлы жолмен
Ғарыштан жаңа оралып қонғандайсың.
Болашақ! О, Болашақ! Сен қандайсың?
Өзіңе ғашық етіп, жанды арбайсың.
Келеді алдымызда жаңа ғасыр,
Ел-жұртым, ұлы көшке қамданғайсың.
Болашақ! О, Болашақ! Сен қандайсың?
Бүгініме сен ертең таңқалмайсың.
Көрсем деп көре алмаған бабаларға
Жетем деп жеткізбеген армандайсың.
Осылай Ақ боз үйім, қара ошақпен,
Бір кешіп жалаң аяқ бала шақпен.
Сырласып отырамын Бүгініммен,
Сырласып отырамын Болашақпен!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері