Өлең, жыр, ақындар

Назарбай қойдым атыңды...

  • 13.04.2022
  • 0
  • 0
  • 426
(терме-толғау)

Есімдер көп қой татымды,
Ойларға мені батырды.
Өмірге келген Немерем –
НАЗАРБАЙ қойдым атыңды.
Аққулар бар ма байқайын,
Қайырып көлден қайтайын,
НАЗАРБАЙ қойдым мен неге
Таратып соны айтайын.
Бір-бір тарих – күндерім,
Өнер ғой тұлпар мінгенім,
Аралап қайттым Делиді,
Кітабым шығып Үнді елін.
Ұлы Ел ғой ғажап ұлы үнді,
Ұлысы екен бүгінгі,
Мариям Сингх ақыны,
Аударған менің жырымды.
Сөзіміз біздің жарасты,
Гималай таудан әрі асты,
Мен ғана емес жалғыз бұл,
Аударған Абай, Манасты.
Сыр Елі менің қариям,
Тасыды толқын дариям,
Назарбаев Елбасын,
Мақтады ақын Мариям!
Шымырлап менің беу, денем,
Ойларын айтты кеулеген,
Нұрсұлтан демей мақтады,
Назарбаев деуменен!
Жатқан жоқ ақын кем түсіп,
Толғайды екен кең пішіп,
Барғанмын Рома-Римге,
Содан соң бір кез, жол түсіп.
Келгендей Алатауыммен,
Қауыштым ғажап қауыммен,
Күллі тарих шықты алдан,
Ежелгі ұлы дәуірден.
Алдымнан толқып күн жатты,
Тарихты маған таңдатты,
Ескерткіш болсын деуменен,
Алып ем Римнен бір затты.
Өмір ғой өзен тынбайды,
Көрмеп ем ғажап мұндайды,
Иесі заттың қиылып,
Сұрады менен бір жайды:
Бақ біте ме жай елге,
Аралап жүрмін бай елде,
– Жасап ем осы қолыммен,
Барады деді бұл затым,
Қай бір елге, қай елге!..
Жүргем жоқ қой тегін мен,
Жұлдызым жанып көгімнен,
– Баратын жері бұл заттың,
Қазақстан! – дедім мен!
Жүздіріп алып кемені,
Келгендей бір кемелі,
Қазақстан деп қайталап:
Назарбаев! – дегені!
Елім үшін өзімнің,
Шырағы жанып көзімнің.
Оянды менде мақтаныш,
Лапылдап оты сезімнің!
Елім деп жырлап күн-түні,
Құп-құйттай жүрек бүлкілі,
Тағдырдың желі айдаумен,
Парижде болдым бір күні.
Сапар кешу – өмірім,
Толсын дей ме көңілім.
Алып жүрген француз,
Арттырғандай сенімін:
– Мына отельде тоқтаған,
Назарбаев президент,
Қазақстан Елінің! –
Деп алып сөзді жалғады,
Әр сөзін елге арнады,
Жанымды менің демеді,
Айтар да сөзі көп еді,
– Қазақстан – мен үшін,
Назарбаев! – дегені!
Көрген мұны өлшеп кім?!
Қазақ туын енші еттім,
Тағы да бір жол түсіп,
Жапондарға жол шектім.
Ойлар мен ойлар жарысты,
Жақын да етіп алысты,
Назарбаев сыйлаған,
Көрсетті жапон Барысты.
Өтті бастан нелер кез,
Көзбен көрсе сенер көз,
Жапонның да айтары:
Қазақстанды қайталап,
Назарбаев! – деген сөз!
Талай да талай жер көрдім,
Румын бардым, Ел көрдім,
Назарбаев! – дегенде,
Ақын да болып тербелдім.
Қазақстан! – дегенде,
Теңіз де болып тербелдім.
Құдай берген аты да оның өзі Нұр,
Жібердім бе мен, білмеймін, созып жыр,
Нұрекеңнің өз атынан да өзінің
Назарбаев алға шығып озып жүр.
Тәуелсіздік – талай-талай жыл өтті,
Тәуелсіздік – қозғады ақын жүректі,
Назарбаев Нұрсұлтаным – Нұрекең,
Бар әлемге фамилиясын ұлы етті!
Мен ақындық салдым адал мәнерге,
Қайда барсам алдан шығып бар елде,
«Қазақ» деген ұлы елін көтеріп,
Назарбайдай атасы жүр әлемде!
Нұрекең де бұл қазақтың бір бағы,
Аты әлемге, аты әлемге шырқады,
Ел басымыз – мәртебелі Нұрсұлтан,
Назарбайдың, Назарбайдың ұрпағы!
Бір Құдайдан тілек тілеп жатасын,
Берген болар көз жұмарда батасын,
Күллі әлемге, күллі әлемге жеткізді,
Ал, Нұрсұлтан,
Назарбайдай атасын!
Қазақ үшін күллі әлем тамсанды,
Сол қазаққа Елбасымыз жан салды.
Берлин бардым, мен бірде Түрік бардым,
Назарбай! Назарбай! – деп қарсы алды.
Ел аралау – үлкен бақыт білгенге,
Ел аралау – бақыт тиген кімдерге.
Әйеліме айттым бір кез бұрылып,
Жапон елін аралап бір жүргенде:
Тағдыр жазса бастан өтпес нелер күн,
Құдай жазса, әлі талай көрермін.
Келесі бір немереміз ұл болса,
НАЗАРБАЙ! –
ДЕП АТЫН ҚОЯМ ДЕГЕНМІН!!!
НҰРСҰЛТАННЫҢ атасы да НАЗАРБАЙ,
БОЛАТ баурым атасы да НАЗАРБАЙ,
Бұл бір үлкен
тарих қой,
Қазақ деген ақын болса жазардай.
Бірге болар ел-халқымен өмірі,
Бұлттан асқан патшайымның көңілі,
САРА болса – ең бірінші ханшайым,
Ол да болса – НАЗАРБАЙДЫҢ келіні.
Патша деген патша болар қайда да,
Бәріне де куә біздің айнала.
Әруақты НАЗАРБАЙДЫҢ келіні,
БОЛАТ баурым үйіндегі МАЙРА да!
Мәңгі жарық Абай тұрса көгімде,
Таққа отырды тұңғыш Президент Елімде,
Қазағыма Президент берген өмірге,
Құнанбайдай – Назарбай да тегін бе?!
Есімдер мен аттар қанша татымды,
Біреу қойған баласына ақынды,
Біреу қойған баласына батырды,
Уа, немерем, әруағы қолдар деп,
Тұңғыш елде –
ПРЕЗИДЕНТТІҢ АТАСЫ –
НАЗАРБАЙ АТА рухына сыйынып,
НАЗАРБАЙ деп қойдым атыңды.
Ырым еттім атаң ақын болғасын,
Ұзақ ғұмыр, өмір болсын жолдасың.
Сапарыңды Тәңір өзі оңдасын,
Қабыл болғай,
Қабыл болғай,
Әумиін,
НАЗАРБАЙ АТАҢ,
ӘРУАҒЫ,
ӘРУАҒЫ ҚОЛДАСЫН!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өмірден айналайын Өмір – Анам

  • 0
  • 0

Өмірден айналайын Өмір – Анам,
Бір түрлі неге болсын көңіл алаң.
Құдай берген тіршілік сенің арқаң,
Кездесіп жақсылармен жолыға алам.

Толық

Көз – сұлулық жанары

  • 0
  • 0

Көз – сұлулық жанары,
Бір бұрылып қарады.
Жүрегімді толқытып,
Жанымды өртеп барады.

Толық

Лирикамсың сен менің

  • 0
  • 0

Лирикамсың сен менің,
Бүршік гүлдей нәзігім,
Жүрегімнің сазы мұң,
Құс жолында адасқан,

Толық

Қарап көріңіз