Қайда екен?
...Біз бала едік,
Жас қана едік,
Бірге жүрдік, бірге өстік.
Құлын тайдай,
Күліп ойнай,
Қол ұстасып күн кештік.
Ыңыраныстан,
Жер қайысқан,
Мал айдадық ел көшсе,
Құшақтадым,
Ығыма алдым,
Жаңбыр жауса, жел өтсе.
Бірге жүрдік,
Жиде тердік,
( Іс болмады айтпастық).
Сөзсіз, үнсіз,
Тілсіз, ымсыз,
Шын көңілмен анттастық.
Ол келісті ед,
Періште ед,
Адам деуге сыймастай.
Қан алуға,
Жан алуға,
Әзрейіл де қимастай.
Қара көзді,
Жібек сөзді,
Қолаң шашты, ай бетті.
Құбылған түс,
Тізілген тіс,
Аршын төсті, ақ етті.
Қыр мұрынды,
Қызыл ерінді,
Қыпша белді, тал бойлы.
Ер жүректі,
От мінезді,
Көрген жанға жат ойлы.
Кейде оттай,
Жас болса да сөзі бар.
Кейде бала,
Кейде дана,
Жан түсінбес кезі бар.
Айлар өтті,
Жылдар өтті,
Жыл артынан жыл жетті.
Жыл көбейіп,
Жас есейіп,
Бала жастық күн өтті.
Талап еттім,
Шетке кеттім,
Қара көзім қалды елде.
Ұмытқам жоқ,
От жұттым көп,
Жүрсем - дағы қай жерде.
Барғанымша,
Алғанымша,
Құшағыма жарымды.
Бір дерттендім,
Бір өрттендім,
Жұбата алмай жанымды.
Сілем - сауқат,
Жазылған хат,
Тағы өртеді күйдірді,
Жазы - қыста,
Қанша алыста,
Тұрсаң сонша сүйдірді.
Алма мойын,
Алуа ерін,
Жат есігін ашпадым,
Өзі құблам,
Сөзі құран,
Ант - иман деп сақтадым.
Көп мұңдастық,
Біз жыластық,
Көріп ең ғой, жас қайың!
Уа, дариға,
Қайда, қайда,
Жаным дескен жан жарым?!
Ол күнде сен,
Жалаңаш ең,
Жас дер түрің кеткен ед,
Жырлауға да,
Жылауға да,
Көзінде жас кепкен ед.
Бұтақтардан,
Қуармаған
Таба алмадым бір жапырақ.
Ыстық өтіп,
Жайың кетіп,
Шықпаған жан тұрдың шақ...
Кешке жақын,
Екеу ақырын,
Келмек пе едік жаныңа.
Сендей болып,
Жастай солып,
Кім отырды алдыма?
Жырлауға жыр,
Жылауға бір
Тамшы шықпай көзінен?!
Мезгіл жетпей,
Солған көктей,
О да сендей жас еді.
Неге жанды?
Көп зарланды,
Ауру ма еді, аш па еді?
Сөйледі ол,
Еңреді ол,
От, леп келді сөзінен.
Оқтай қадап,
Тұрды қарап,
Өлім көрдім көзінен.
Айрылатын,
Жетті ғой күн,
Амал бар ма жан жарым!
Бір көрермін,
Я өлермін,
Біткен болса тұз дәмім.
Құлын - тайдай,
Күліп ойнай,
Бала жастан бірге өстік,
Бірге жүріп,
Жандай көріп,
Жақын болдық, жар дестік.
Қолың бердің
Жандай көрдің,
Арманың жоқ «аһ» ұрар.
Қандай жерге,
Қай мезгілге,
Жауыз тағдыр айырар!
Тағы осылай,
Болып дүние - ай,
Көреміз бе, жоқ па енді.
Тұрсам құбылаң,
Өлсем дұғаң,
Маған болар «қош» деді.
Мезгіл өтті,
Дәл жыл өтті,
Тағы келдім қасына.
Сені көріп,
Жүрек еріп,
Булығамын жасыма.
Биыл сенің
Өзге түсің
Мәңгі өлместей жан біткен.
Жасыл жапырақ,
Тұр сыбырлап.
Бар денеге сән біткен.
Жайқаласың,
Ән саласың,
Жас сұлудай жүзің нұр.
Торғын киіп,
Тұр бас иіп,
Айналаңда қызыл гүл.
Сендей о да,
Толып нұрға,
Жүрер еді жайқалып.
Өткен жылғы,
Бітім мұңы,
Зар орнына ән салып.
Осы жерде,
Дәл іңірде
Келсе сәулем жаныма.
Қуанып күліп,
Құшақтап, сүйіп,
Отырса еді алдыма
Жапырағыңнан,
Өріп оған
Сәукеле қып кигізсем.
Салқын сая
Болып пана
Ерінге ерін тигізсем.
Тұрмын жалғыз
Жансыз, жарсыз,
Айсыз, Күнсіз бір қу бас.
Ер жүрегің,
Етпей төзім,
Өксіп - өкіп төгем жас,
Барма екен ол,
Қайда екен ол,
Нендей түрде жүр екен?
Сырласары,
Мұң ашары,
Менің үшін кім екен?
Жар кеткенге,
Зар еткенге,
Оған да дәл жылма екен?
Я болмаса,
Көзден таса,
Болып дүние солды ма?
Жүзбен, мұңмен,
Салқын көрден
Бірге орын алды ма?
Жауыз жазмыш,
Еткен қарғыс,
Ажал оқ боп тиді ме?
Ауру, аштық,
Бейбастақтық,
Жел, су, отқа күйді ме?
Айдалада,
Ата - анаға
Жұртқа ере алмай талды ма?
Жаурап, үсіп,
Кеуіп, ісіп,
Жалғыз мола қалды ма?
Көк пе, жер ме,
Су ма, жел ме,
Әлде алған ай ма екен?
Айтшы қайың,
Айналайын,
Еркетайым қайда екен?
Жел алды ма,
Пері алды ма,
Жылдам қуып жетейін.
Ел шетінен,
Жер бетінен,
Тынбай жүріп өтейін.
Қар, мұхиттан,
Дем алмастан
Кешін, кесіп асайын.
Жел сайранын,
Жын ойнағын,
Су сепкендей басайын.
Арсы, күрсі,
Періштесі
Көкке алып қашты ма?
Сүйіп, құшып,
Тынбай ұшып,
Ақ бұлттан асты ма?
Жырдан аппақ,
Тізіп қанат.
Көкте болса ұшайын.
Жерде болса,
Кеуіп солса,
Салқын қабірін ұшайын.
Су еркесі,
Су пері,
Теңізге алып түсті ме?
О да пері,
Болып енді,
Мәңгі суды ішті ме?
Бұрқыратып,
Толқындатып,
Теңіз бетін жарайын.
Су түбінде,
Дәу періге,
Ойын салып қарайын.
Айда болса,
Айда, жылда,
Ұшып, жетіп қонайын.
«Айнамменен»,
Зайрамменен
Мен де бірге болайын.
Тапсам табам,
Таба алмасам,
Бұл жалғанда тұрмаймын.
Арсыз, жансыз,
Жарсыз, зарсыз,
Жанға мойын бұрмаймын.
Жарым идеал,
Барым қиял,
Болсын - дағы өтейін.
Опасызға,
Ұятсызға,
Қойнымды ашып не етейін.
Ар іздеген,
Жар іздеген,
Ет жүрегім жас уыз.
Солсын,кетсін,
Сөнсін, өшсін,
Тастай қатып болсын мұз.
Көк пе, жер ме,
Су ма, жел ме?
Әлде алған ай ма екен?
Айтшы қайың,
Менің жаным,
Айтшы, айтшы, қайда екен?
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі