Өмірге бейім жан емеспін – Шөмішбай Сариев

Бұл бетте «Өмірге бейім жан емеспін» атты Шөмішбай Сариев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 13.04.2022
  • 0
  • 0
  • 1135
Өмірге бейім жан емеспін,
Өмірде сан қателестім.
Бірде түсініп, бірде түсінбей,
Замандаспен қатар өстім.
Өмірге бейім тірлігім аз,
Жанымның ашылар түндігі наз.
Өмірімнің өзі көктем,
Көңілімнің кіндігі жаз.
Дүниеде толы арманым,
Өлең-жырға жол арнадым.
Өмірге бейім оңтайым жоқ,
Өмірге бейім бола алмадым.
Қаладым парыз өтелгенін,
Көп ісімді бекер дедім.
Өлең өзің болмағанда,
Мен суға кетер ме едім?!
Жұпарын жұтып дала, гүлдің,
Адассам жолға сала жүрдің.
Өлең менің періштем боп,
Көп бәледен қаға жүрдің.
Биіктен биікке өрлеп алдым,
Өнер дерті – меңдеп алдың.
Өлең жоқта – мен де жоқпын,
Өлең барда – мен де бармын!
Қанатымды қағатынмын,
Мен де құстың қанатымын.
Мен барымда – өлең де бар,
Өлең менің – Ана тілім!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері