Гүл мен бұлбұл
(Май сарыны)
Жайнаған жасыл ала гүлдің бағы,
Үлбірек жібек кесте гүл шашағы.
Аңқиды мас қып жанды жұпар иісі,
Шаттанып күй күйлейді көңіл сағы.
Мың түрлі ала жібек, көркем десте,
Мың түрлі сұлу өрнек ойған кесте.
Әдемі гүл иісіне балқып көңіл,
Шаттықтан басқа сөзің қалмайды есте.
Әр гүлдің иісі нәзік, сұлу сыры,
Әр гүлдің сұлу нәзік түс пен түрі.
Біреуі ал, біреуі әсіре, біреуі шикіл,
Жалқын өрт бірі күлгін, аппақ бірі.
Жұпарлы көркем түсті гүлдің сәні,
Жарасқан сұлу гүлге бұлбұл әні,
Ал қызыл, әсіре, солғын, жалқын, сары,
Әр түстің айрықша бар ғой мәні.
Мысалы: кей түс нышан кей бір затқа,
Қайғыға қара нышан, қызыл — шатқа,
Сондай-ақ, ал түсті гүл нышан болған,
Үлбірек нәзік жанды махаббатқа.
Әсіре гүл құмарлыққа нышан болған,
Қайнаған бейне ыстық қан бойға толған,
Солғын гүл сағынғанның нышанасы,
Мұңайып қасіретпен өңі солған.
Сүймейтін сұм жүрекке емес, жарқын,
Өзгерген махаббатқа сеуіп салқын.
Тәкаппар суық, қатты көңілге де,—
Бәріне нышан қылған гүлді жалқын.
Тазалық нышан қылған ақ шашақты,
Шарт қылып күнәсіздік, кірсіз ақты,
Аппақ гүл жұпар иісті үлбіреген,
Зәредей көтермейді тиген дақты.
Жұпарлы гүлдің иісі аңқымай ма?
Ол иіске қош болып жан балқымай ма?
Көзіңді сұлу түрі сүйсіндіріп,
Көңілің құлаш жайып шалқымай ма?
Әркім-ақ гүлге көзін салады ғой...
Әркім һәр түрлі әсер алады ғой.
Біреулер лас қолымен үзіп тастап,
Біреулер сүйіп мәңгі қалады ғой.
Әркім-ақ гүл бақшасын саялайды,
Ласпын деп гүлді пасық аямайды.
Былғаса гүлді пасық лас аяқты —
Сұлу жан піскен гүлді аялайды.
Жалғыз-ақ бұлбұл гүлге мәңгі құмар,
Мас болып гүлді құшса көзін жұмар.
Төсіне гүлді басып жыр жырлайды,
Қылғандай гүл шашағын мәңгі тұмар.
Бұлбұл құс сұлу гүлге басын иед,
Гүл үшін жырлар шертіп жанып күйед.
Өзгеден айрықша нәрін алар,
Мың түсті гүлден таңдап соны сүйед.
Қызыл гүл кей бұлбұлға төтенше ұнар,
Жырласа соны құшып көңілі тынар.
Кей бұлбұл өмірінше ал гүл іздейд,
Кей бұлбұл әсіре гүлге мәңгі құмар.
Бұлбұлша сұлу гүлді сүйеді ақын,
Жұпарлы гүлге басын иеді ақын,
Көтеріп махаббаттың күйін көкке
Жыр шерткен бұлбұл құсқа жаны жақын.
Ал шашақ менің гүлім іздеп тапқан,
Қиялым іздеп оны көкке шапқан,
Суреттеп жер мен көктің арасынан
Бар керік жинап әкеп соған жапқан.
Бұлбұл құс жұпар иісті гүлге құмар,
Көк жібек жазғытұрғы түнге құмар.
Жыр шертем мен де майда бұлбұл құсша
Жұпар гүл, сұлу күйлі үнге құмар.
1935 жыл, мамыр
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі