Өлең, жыр, ақындар

Түс

  • 18.05.2022
  • 0
  • 0
  • 414
Бозбаланы көрдім ақсұр ат мініп,
Клязьманың жағасында жарлауыт,
Құйындатып бара жатты аптығып,
Ақшам өтіп, мезгіл түнге қалды ауып,
Көк жүзіне шыға келді ай аунап,
Қайтпас еді - қарсы келсін қан майдан,
Екі беті өрт боп жанып, алаулап,
Көз алмайды қарауытқан шалғайдан.
Қалың тұман арасынан, көмескі
Бір елестер көлең етіп өткендей,
Ойда жоқта ойран етер тегі есті,
Суық хабар жүрегіне жеткендей,
Ғашықтыққа сенуші еді ол анық,
Басты қамшы, төрт тұяқтың дүбірін –
Кең далаға жеткізеді жел алып:
Жапан кезген жолаушының бірінің
Қарасы да көрінді-ау, жөн сұрады,
Бағыт сілтеп жіберді де ол енді,
Қайда екенін сүйгенінің тұрағы,
Көрсетті де, өз бетінше жөнелді
Қарауытып сол терезе, баяғы үй,
Арғы беттен дірілдеген от көрді.
Амал қанша... талып аққан Клязьма
Алып кеткен көпірі бар өткелді.
Аппақ сүйрік саусақтардан бір сүймей
Жігіт жаны қайтіп қана шыдамақ,
Қайта алар ма, сиқырлы үнін естімей,
Өзін тіпті тұрсын, мейлі, кінәлап.
Дір етті де, шірей тартып тізгінді,
Бір тебінді. Жатқанымен жар құлап,
Көбік атқан көк толқынды тілгілеп.
Арғы бетке алып шықты арғымақ,
Өтті өзеннен, сол бетінше құйғытып.
Өрге салды қызып алған ат басын
Қарсы алдынан тұрғандай бір сын күтіп,
Аша берді көне мекен қақпасын...
Ару қайда? Кезді жігіт дәлізді,
Қыз сіңлісі қарсы шықты, ол алаң...
Оның шерін дәл қазіргі тәрізді.
Қайтіп қана сөзбен айтып бере алам.
Шөлмектей боп тұрды жігіт, не күнге
Тап болдым деп, тіл қата алмай, апыр-ау,
Мұндай сәттің бір минуты, тегінде
Ғұмыр бойғы азабыңа татыр-ау.
Үзілгендей жүрегінің бір шегі,
Қатты ышқына күрсінді де ол енді,
Сыртқа шығып, жауар бұлттай түнеріп,
Ақсұр атқа бір-ақ ырғып, жөнелді.
Осындайда құйрық-жалы жер сүзген,
Тақымыңнан түсінетін ат қандай!
Таңға дейін тарта берді жолсызбен,
Бір өкініш қуып келе жатқандай.
Құйғытты ұзақ, қарамай сай-салаға,
Aт тізгінін тартар емес бұл әлі,
Төзім біткен таусылды-ау... айдалада
Жалғыз өзі өксіп-өксіп жылады.
Шық тамшысы болушы еді бар кегін.
Жапырақтан алсам дейтін түу бастан.
Сол сияқты құрығанда дәрменің,
Өзегіңді жарып шыққан ащы жас
Ағатын бір жанарыңды жумастан
Мұның бәрін болады енді не десем?
Көз алдыма алып келген қай құдай?
Түс қой, тегі, демесең,
Тұрған жоқ па айнымай!
Жоға, тіпті, түс дегенің тегінде
Тырысқанмен жан сала,
Ауыр таңба қалдыра алмас көңілде
Арпалысып қаншама.
Маңдайына жазғаны бар, бұл елес
Өтер-кетер, азабы да түк емес.
Әлгі түстен адасып-ақ қалдым ба:
Нұрлы көктем кенет қанат жайғандай,
Кең бөлмеде, терезенің алдында
Бір сұлу қыз отыр екен ай маңдай,
Жарқырайды тірлік тұнған көздері,
Дәл қасында бозбала бар мен көрген.
Көңілі хош жандардай-ақ өздері,
Отыр үнсіз, ісі болмай өңге елмен.
Біреу зорлап отырғандай шынында-ақ,
Бір-біріне өп-өтірік жымыңдап.
Бозбала да жан азабын білдірмей,
Іштен тынып отыр білем, құр үнсіз,
Қыз назары алдындағы кітапта,
Оқыған боп, парақтайды тынымсыз.
Жүрек шіркін өз-өзінен дүрсілдеп,
Жігіт қызға қарамауға тырысты-ау,
Соны ғана ойлаған шақ күні-түн,
Осылайша көздерінен бір ұшты-ау.
Арынан да артық санап оны асқақ,
Сағынышы көріп пе еді толастап;
Аспан жаққа аударады көз қырын,
Ақша бұлтпен арайланып кетті көк.
Отыр үнсіз, керек емес сөз бүгін.
Осы үнсіздік бұзылмасын деп тілеп.
Тұншықтырып іштегі алау-аптығын,
Қыбыр ету, күрсіну де бір бейнет,
Шошынады,
Қыз аузынан жат бір үн,
Ойда жоқта шығып кетіп жүрмей деп.
Ессізім-ай! Білмепсің-ау, не керек,
Қыз қаншалық сүйгенін де керемет,
Бір өзіңе ғашық та еді, білемін,
Бірақ сөздің бәрі бастан өткенде, -
Жылпос біреу жеңілтек қыз жүрегін
Мәңгілікке баурап алып кеткенде!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бейдауа дерт кеудемде, кемеліме келген ем

  • 0
  • 0

Бейдауа дерт кеудемде, кемеліме келген ем,
Оған, тіпті, енді ем жоқ!
Мейлі ғой! - бұл фәниде қызық қуған пенде емен,
Жұрт деп өмір сүргем жоқ.

Толық

Қандай қатты мына қыстың қарымы

  • 0
  • 0

Қандай қатты мына қыстың қарымы.
Естіледі жел көтерген зар үні.
Ол - марқұмның жаназасын шығарған
Шіркеудегі қоңыраудың сарыны.

Толық

Эпитафия

  • 0
  • 0

Азаттықтың аусар ұлы –
Бас тігетін сезім десе;
Табиғаттың наушалығын
Қайталаған кезі кеше.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар