Бұл бетте «Құрдастар» атты Сайын Назарбекұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
"Жаман қатын" қалай жүр маңайында?
Күпі киіп, керзі етік жаз айында?
Бір кездегі сұлуды сылаң қаққан,
Күте алмаған өзіңнің сазайың да!
Жүрісің-ай, баса алмай ылбыраған
Жұмысын-ай, жүн түтіп, қыл бұраған
Қайран құрдас, сұлу қыз, күміс көмей,
Едің бір кез атанған "бұлбұл адам".
Жасамапты жұмысын өкіметтің
Отын жаққан ұл-қызға көкіректің.
Өсіргені шын ба екен он бес бала!
Онда біздер біріміз жетімектің.
Жап-жас болып бұл күнде ел енесі,
Шалқып жатыр көрінбей кенересі.
Рас па екен дегені көршілердің:
"Отыз шақты боп қалды немересі".
Ғалым екен бір ұлы елден асқан,
Күйеу қанша, ұл қанша тең, жарасқан!
Ұшқышы да, қойшысы өз үйінде.
Бас иеді езіне Жер мен Аспан!
Жарымай-ақ қойса да баспанаға,
Басқа жаннан бақыты асқан ана!
Сыңғырлайды күлкісі құлақ тербеп,
Лайықты дыбыспен жасқа ғана.
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі