Өлең, жыр, ақындар

Бей-жай күйде отырамын кейде мен

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 505
Бей-жай күйде отырамын кейде мен:
менi ол кезде толқытпайды ой деген.
Кеудем бос қап үңiрейiп қуыстай
салмақ болмас сөздерiмде сөйлеген.
Тұман басар дымқыл ауа бүркiген,
тұра алмай да,
жүре алмай да –
iркiлем.
Қалмағандай өн бойымда ештеңе –
сағыныш та,
қайғы-мұң да,
күлкi де.
Жоқ көңiлде –
салқындық та,
жылылық.
Кетемiн де бей-жайлықтан үгiлiп
көкте де емес,
жерде де емес, әйтеуiр,
қалқып тұрам кеңiстiкте iлiнiп.
Бiтелiп қап өкпе,
жүрек,
өзегiм,
ақпай қалар ағып жатқан өзенiм.
Ұстайтұғын тұтқасы жоқ үрейлi
бастан кешем
салмақсыздық кезеңiн.
Толқытпаса –
менi өмiрдiң сауалы,
толқытпаса –
менi өмiрдiң зауалы,
баспаған соң иығымнан салмақтар
қалқып тұрам
қармап босқа ауаны.
Өрмекшiдей ұя салған қуысқа
салбыраймын,
Тарылады тыныс та.
Әлек болам тiрей алмай аяқты,
әлек болам тұтқа таппай уысқа.
Ұстамақ боп ұмтыламын әрнеге.
Салмақсыздық –
бiрақ мынау бөлмеде...
Сонан кейiн өмiр жайлы ойлаймын.
Ойласам-ақ
түсем қайта жерге мен!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Түс

  • 0
  • 0

Шаршағам-ау,
iсiн көрiп iскердiң.
Шаршағам-ау,
iшiн көрiп iскеннiң, –

Толық

Домбыра

  • 0
  • 0

Жатқан кезде түн мен жарық арбасып,
жатқан кезде жұрттың бәрiн дарға асып
қаймықпастан айтқаны үшiн шындықты
көмейiне құйған оның қорғасын.

Толық

Көрер мұны жан болса егер аңғарар

  • 0
  • 0

Көрер мұны жан болса егер аңғарар.
Аңғарар да өз-өзiнен таң қалар.
Көбейiп-ақ кетiптi ғой, апыр-ай,
Алматыда сауысқан мен қарғалар.

Толық