Шөлдесем мен қарындас пен бауырға – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Шөлдесем мен қарындас пен бауырға» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 710
Шөлдесем мен қарындас пен бауырға,
шөлдесем мен найзағайлы жауынға,
тартып кетем қара жолға түсiп ап
Табиғат деп аталатын ауылға.
Жұлдыздарын көк төсiне iлгiзiп,
күтiп алар қойынына кiргiзiп.
Қыдыртады түйелердей маңқиып,
жоталарым өркешiне мiнгiзiп.
Байқап қалсам шөлдеген шөп сартабын,
арық қазып солай қарай тартамын, –
шалғындардың арасымен сүйретiп,
бұлақтардың бұйра толқын арқанын.
Үңiлем де өзiмнiң мен жаныма
жырласын деп, жарылсын деп ағынан,
жүрегiмдi аламын мен қыздырып,
қызғалдақтың алау қызыл шоғына.
Кезiп кетем қырат, тау мен тасты да.
Жел шайқалтып жуар келiп шашты да.
Жалғыз ағаш бауырына ап сонан соң
көлеңкесiн төсеп берер астыма.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері