Қамқорлық – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Қамқорлық» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 1417
Қарғын су ақты көшемде.
Қыс бойы тұрған жалаңаш
жуынып алып нөсерге,
киiнiп алды қара ағаш.
Көктемiн құстар ап келдi,
аспаннан нұрын құя сап...
Қара ағашқа жатты ендi
қара торғай ұя сап.
Желменен соққан қиялап,
нөсерiн төксе шалқар көк –
қымтанып сол бiр ұяға
қара ағаш тұрды қамқор боп.
Бұтағын қозғар сiлтеп бiр,
қауiптi барлық тұстарға,
ұяны қорғап бүркеп тұр
көрсетпей жыртқыш құстарға.
Сыбдырлап күн-түн толғайды
шығарып жырдың ел-селiн.
жұмыртқасын торғайдың
шайқайды ол да теңселiп.
Қорғайды оны қорғайды
көктегi отты шақпақтан.
Ұясын сол бiр торғайдың
қорғайды ыстық аптаптан.
Тұрады ол – жел кеп қысқанда –
бәйек боп бүкiл жанымен,
ұяны қорғап – кiшкентай –
жапырақ – қалқандарымен...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері