Жалғыздық – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Жалғыздық» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 662
Жалғыздық кеп құрсау болып қысқанда
қызық бiткен менi тастап ұшқандай.
Үңiрейiп жан дүнием тұр қазiр
ымырттағы аңғал-саңғал қыстаудай.
Бұзылғандай оның жұмбақ қорғаны,
үзiлгендей оған барар жол-дағы.
Үңiрейген менiң мынау жанымда
салбырайды өрмекшiнiң торлары.
Үрей кiрiп оның дымқыл демiнен
жанарыма жас үйiрiлiп егiлем.
Аңғал-саңғал менiң жаным ұлып тұр
уiлдеген жалғыздықтың желiнен.
Қалай шыдар жалғыздыққа бұл адам...
Сөздерiм де үзiк-үзiк құраған...
Есiтемiн түкпiрiнен жанымның
байғыз дауысын сұңқыл қағып жылаған!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері