Өлең, жыр, ақындар

Тозған үй

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 462
Тозған үй бұл, тозған үй бұл, тозған үй,
күнi бiтiп уақыттан озған үй.
Сөнiп кетпей,
өлiп кетпей сонда да
өлеусiреп тiршiлiгiн созған үй.
Тозған үй бұл, тозған үй бұл, тозған үй.
Өткен күнiн келер күнге шегерiп,
тозған әбден,
тозған әбден көнерiп,
Кеткен оның көп қатарлы денесi
кебiр сiңген дымқыл сыздан көгерiп.
Шығар шықпас,
шығар шықпас тұр жаны,
бiрдей оның көлеңке жақ, күн жағы,
бiр жағының қабырғасы сөгiлiп,
шөгiп бара жатыр ендi бiр жағы.
Шекесiне қондырып ап ай, күндi
жiберетiн мереке қып жай күндi
айналаға қарап тұрған асқақтап
үй едi бұл бiр кездегi айбынды.
Үй едi бұл сарқып құйып қуатын
ақжал толқын сөздер айтып сұрапыл,
дүниенiң дүбiрiнен ғаламат
тұла бойы күйiп-жанып тұратын.
Үй едi бұл өзгешерек басқа үйден,
тез есейген тез арылып жас күйден.
Астан-кестен боп жатқанда дүние
денесiне оқ қадалып, тас тиген.
Бұл үй тұрған ызаланып, ашынып,
бұл үй тұрған қайғы, мұңын жасырып,
үңiрейiп терезелер – көздерi
бұл үй тұрған елiм құсап ашығып.
Кеткен үй бұл теңселiп сан дүлейден, –
ендi үйдiң бұл теңселмеуiн тiлейдi ел, –
отызыншы сол жылдары
бұл үйдiң
төбе шашы тiк тұрған ғой үрейден.
Бәрiн көрген, бәрiн, бәрiн, бәрiн де,
бәрiн көрген – өлiмдi де, өмiр де.
тыңдаған ғой мына бүкiл тiрлiктiң
әңгiмесiн, күй-жырын да, әнiн де.
Өткен күнiн келер күнге шегерiп,
ендi, мiне, тозған әбден көнерiп
кетiптi ғой көп қатарлы денесi
кебiр сiңген дымқыл сыздан көгерiп.
Тағдырына, талайына шағынып
бұл үйден сан жандар өттi сабылып.
Дымқыл сыздан тұла бойы көгерiп
осы бiр үй тұрған-сынды ауырып.
Кеме-сынды кеп тоқтаған айлаққа,
қартайып-ақ қарайды ол аймаққа...
Тұнжырап бiр тұрып-тұрып
кей кезде
жiбередi бұрқыратып тойлап та!
Ондай кезде қарайды жұрт үркiп бiр.
(Өйткенi жұрт той қызығын iркiп тұр).
Ертесiне тұрады ғой бұл үйдiң
өн бойынан арақ иiсi мүңкiп бiр...
Бiр кездерi аты кеткен шығанға
осы бiр үй жаралғандай шыдамға...
Қадайды оған әлi күнге ту әкеп,
жазады оның маңдайына ұран да...
Дегенмен бұл үй ендi алшақ тұр,
кетердей-ақ түртiп қалсаң қаусап бiр.
Көшелерден соққан желден түршiгiп,
тоңып, жаурап, шалдығып тұр, шаршап тұр.
Тозған үй бұл, тозған үй бұл, тозған үй.
Күнi бiтiп уақыттан озған үй.
Сөнiп кетпей,
өлiп кетпей сонда да
өлеусiреп тiршiлiгiн созған үй.
Тозған үй бұл, тозған үй бұл, тозған үй.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өкініш

  • 0
  • 0

Менiң тiлiм
Көктей биiк,
Теңiздей терең
Даладай кең едi.

Толық

Жан-жағына алаңдап

  • 0
  • 0

Жан-жағына алаңдап
қайнап жатқан қазандай –
адасады балалар –
вокзалдар мен базарда.

Толық

Тымауратқан Алматы

  • 0
  • 0

Әлемнiң басқа қалаларынан
Тұмау жұқтырып алған Алматы
Күрк-күрк жөтеледi.
(Менiң ойымша:

Толық

Қарап көріңіз