Өлең, жыр, ақындар

Жәбірлену

  • 08.06.2022
  • 0
  • 0
  • 570
Бүкiл жанын –
арсыздық кеп торлаған,
бүкiл жанын –
қансыздық кеп торлаған,
ұлт туралы сөз айтып тұр ортада
тiлiн, дiлiн бiлмейтұғын оңбаған.
Көк тер болып –
малынғандай сорпаға –
ұлт туралы сөз айтып тұр ортада.
Iрiп кеткен,
шiрiп кеткен сөздердiң
сасық иiсi тиедi кеп қолқаға.
Қайнап тұрған су құйғандай етiме,
қанжар сұғып алғандай-ақ өтiме
болды дейсiң –
сол оңбаған желiгiп
түкiргенде туған жердiң бетiне.
Мына сөзден күйiндiм мен,
тарықтым,
мына сөзден –
отын кештiм тамұқтың.
Неткен бетсiз,
неткен арсыз оңбаған!
Жармасып тұр жағасына халықтың!
Күдiктенiп,
менi босқа торыма!
Бұл сөзiмдi басқаша сен жорыма.
Мына сорлы,
мына тексiз оңбаған
туған екен өз халқының сорына!
Қалай жазам –
ендi жүрек жарасын.
Қалай жазам –
ендi жүрек наласын.
Ел туралы сөйлеп тұр сол оңбаған
шаштан алып сабағандай анасын.
Неге мұнша тар еттi екен жетесiн! –
күйiнесiң,
өртенiп-ақ кетесiң.
Ел туралы сөйлеп тұр сол оңбаған
бастан теуiп жiбергендей әкесiн.
Рас болса өз елiңдi Елiм деу.
Мұны, сiрә, керек шығар өлiм деу.
Тепсе ұлтыңды өз ұлтыңның адамы,
одан өткен болмайды екен жәбiрлеу.
Сол күнi мен –
шыңылдап кеп құлағым –
жетiмсiреп, жалғызсырап жыр, әнiм,
ызаланып,
назаланып аңрап бiр
жел сияқты жер сабалап жыладым.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қайтайын деп кезiп аң, құс мекенiн

  • 0
  • 0

Қайтайын деп кезiп аң, құс мекенiн
кеткен едiм ен далаға жеке бiр.
...Көкжиектен шөкiм қара бұлт шықты
сүйреп тартып жалба-жұлба етегiн.

Толық

Қара суықта

  • 0
  • 0

Өшiрiп бiр алатындай жан отын
жүдеп-жадап қалған екен дала тым.
Қара суық итередi өңмеңнен
еттен өтiп сүйегiңдi шағатын.

Толық

Қорлану

  • 0
  • 0

Табанға салды.
Талауға түсiрдi.
Тазы қуған түлкi еттi.
Күлкi еттi.

Толық

Қарап көріңіз