Өрт
Бұл бетте «Өрт» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.
Аяуы жоқ адамдардың тiлiнен
кейде өртенем күнiмен де,
түнiмен.
Күйдiредi,
шыжғырады жүректi
өз жанымнан өзiм сонда түңiлем.
Бойдағы бар тiршiлiктi жұлқылап
жаным тұрар,
жаным тұрар шырқырап.
Алай-дүлей жатыр менiң iшiмде
өрттiң қызыл құйындары бұрқырап.
Тiрлiгiмдi –
түндiгiмдi қысады,
жүректi орап өрттiң қызыл құшағы.
Өсiмдiк боп өсiп-өнген жанымда
сөздер бiткен шоққа айналып ұшады.
Отқа оранар –
менiң шаттық – тойларым.
Отқа оранар –
менiң қайсар айбарым...
Отқа оранар –
лапылдаған, құдай-ай,
қалың ну боп тұнжыраған ойларым.
Шыжғырылып бара жатыр тiрлiгiм.
Сыпырылып бара жатыр түндiгiм.
Жанталасып жатар өрттiң iшiнде
арман, үмiт құтқара алмай бiр-бiрiн.
Отқа оранар –
бақыт құсым тордағы.
Отқа оранар –
бар байлығым қолдағы.
Отқа оранар –
бұтағындай ағаштың
айбақ-сайбақ өлеңдердiң жолдары.
Отқа қақтап сол бiр асқақ сезiмдi
тауысады сабыр менен төзiмдi.
Жанталасып,
аласұрам сол кезде
құтқара алмай өз өртiмнен өзiмдi.
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Әл – Фараби
- Төлепбек Жантай
- Есбол Бозан
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі