Нала – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Нала» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.06.2022
  • 0
  • 0
  • 773
Жерi құт қайнатқан,
Ошағы құрт қайнатқан;
Iбiлiсiңдi iреп,
Албастыңды
Алып ұрып жайратқан;
Бөрiгiн шекелеп киiп,
Осқыра қарайтын;
Шайқап төгiп,
Шалқалап iшетiн;
Сөйлесе –
Көмейi көрiктей керiлiп,
Ауызы астаудай толып,
Алқымы сабадай iстетiн
Еңсесi биiк
Ел болам деп ем!
Өркешi биiк
Ел болам деп ем!
Өзiмнiң қандастарым,
Үйрек жүндi оттастарым,
Қарға жүндi қаттастарым –
Бiреуi жағамнан,
Бiреуi балағымнан алды.
Қағыстым!
Алыстым!
Күн етем деп мен
Қараңғы түндi.
Өз сауысқандарым
Шықылықтап,
Өз қарғаларым
Қарқылдап күлдi.
Өз иттерiм
Арпылдап үрдi.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері