Бұл бетте «Ұлы адамның қабірі басында» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Арқырап жатқан
Таудай қара тасқынға
Қасқайып қарсы жүретiн
Қайығым едiң.
Қайығыңды
Құйрығымен бiр қағып
Астаудай аударып тастайтын
Жайыным едiң.
Ертiсiм едiң,
Едiлiм едiң.
Жайығым едiң.
Ойымыздың –
Бұлтты көкпен таласқан! –
Алатауы болдың.
Маңдайымызды сипаған
Перiштенiң
Алақаны болдың.
Сарқырамадай –
Бұрқырап төгiлiп –
Қайнап тұратын едiң.
Атылатын айдаhарды да –
Сөзбен арбап! –
Байлап тұратын едiң.
Нұрға шомылып,
Жап-жарық сәуле iшкендей
Аппақ едiң.
Ашулансаң –
Аяз,
Қуансаң –
Аптап едiң.
Емiренсең –
Елiңдi теңiздей шалқытып,
Тебiренсең –
Жерiңдi
Балқытып жiберетiн едiң.
Қара жерге
Қалай сиып жатырсың?!
Қара ормандай халқыңды
Қалай қиып жатырсың?!
- Рымғали Нұрғалиев
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі