Ендi не болды? – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Ендi не болды?» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.06.2022
  • 0
  • 0
  • 767
Жалына қол тимеген,
Мойнына бұғау түспеген
Тарпаң едiм.
Құмырсқадай қыбырлап,
Үнi шықпай сыбырлап
Кiшiрейiп келсе –
Жауыма да! –
Дарқан едiм.
Қапалансам –
Тұңғиыққа
Батырып жiбердiм.
Қаhарлансам –
Теңiзiңнiң өзiн
Сапырып жiбердiм.
Мейiрiмiм
Қара темiрдi балқытып,
Қара тасыңды идiрдi.
Аптабым –
Жер түгiл –
Судағы балықты күйдiрдi.
Ендi не болды?
Аптығым басылып қалды.
Шаттығым таусылып қалды.
Қазiр мен –
Тұяғы жарылған
Тұлпармын.
Мүйiзi сынған құлжа,
Қанаты сынған
Сұңқармын.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері