Өлең, жыр, ақындар

Көкпар

  • 16.06.2022
  • 0
  • 0
  • 965
Ортаға көкпар тасталды.
Сұрапыл дода басталды.
Жұрт бiткен
Көкпарға лап қойды.
Бiреулер елiрiп
Тебiнiп жатты.
Үрiккен аттар
Қамшыға көмiлiп жатты.
Шаң-тозаңдар
Күн көзiн көмгендей болды.
Тұйыққа тiрелiп –
Шақыр да шұқыр,
Үйме де, жүйме боп –
Айқасқан сендердей болды.
Бiр шабандоз
Жолыңдағының маңдайын
Қақ айырып жарып кеттi.
Оның басына
Ауаны тiлген қамшылар
Жыландай ысқырып
Жауып кеттi.
Бiреу кеп
Бiреудiң өңменiнен
Түйiп жiбердi.
Оның атының айылын
Басқа бiреу
Кездiгiмен қиып жiбердi...
Аттардың
Демiккен өкпесi
Сенектей болды.
Делдиген танаулары
Шелектей болды.
Додаға бiрi шығып,
Бiрi кiрдi.
Тұяқ тураған жусаңдар
Құмдай иленiп,
Күлдей үгiтiлдi.
Қиқу мен
Шудан шошыған
Құс бiткен
Бұлттардың ар жағына асты.
Бұлттар
Оқ тиген
Алып мақұлықтай күркiреп
Тауларға қашты...
...Атының сауыры
Төңкерiлген қазандай;
Дауысы
Шақырған азандай;
Ердiң үстiне
Құйылған шойындай;
Мойыны
Бұқаның мойнындай;
Түсi
Қара көмiрдей;
Бiлектерi
Белтемiрдей, —
Бiр шабандоз
Сұрапыл доданы
Сендей қақыратып кеп
Көкпарды көтерiп алды.
Жанына жан жолатпас
Оттай боп
Өртенiп алды.
Бiреулер
Құм қапты.
Бiреулер
Жер жастанды.
Өңмеңдеп ұмтылып,
Едiреңдеп жұлқынған
Алапат тартыс басталды...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мінез

  • 0
  • 0

Осы бір қарттың
Шар болаттай берік
Сүйегі асыл еді.
Сөздері

Толық

Бүгінгі экологиялық баллада

  • 0
  • 0

Қора менен сарайға
тыным бермей күн-түнi
өрiп кеттi тоғайда
шиебөрi бiр жылы.

Толық

Көк түрік батырының Жынқұрт елінің батырын жекпе-жекке шақыруы

  • 0
  • 0

Күлдiң үстiне туған
Тексiз неме!
Көзiңнiң етi өсiп,
Кеудеңе нан пiскен екен,

Толық

Қарап көріңіз