Көк Түрік абызының тілегі

Бұл бетте «Көк Түрік абызының тілегі» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 17.06.2022
  • 0
  • 0
  • 1281
Уа, құдiреттiң Құдiретi,
Көк тәңiрi,
Алдымен өзiңнен тiлеймiн.
Жерiме
Жылуы мен Нұрын құйған
Күн менен Айдан тiлеймiн,
Төбемде
Шатырлап жатқан
Жасын мен жайдан тiлеймiн,
Судан тiлеймiн,
Оттан тiлеймiн!
Елiме
Таулардың жасындай өмiр бер.
Ата-бабалардың
Аңсап өткен
Арман-шерiн бер,
Сертiнен таймайтын
Сенiм бер!
Айбынымыз асып тұрсын!
Кiмнiң болсын
Меселiн қайтарып,
Мысын басып тұрсын.
Төрт түлiк малымыз
Жерiмiзге сыймай
Жыртылып айырылсын.
Байлығымыздың
О шетiмен
Бұл шетiне жете алмай
Шаты жыртылып,
Мойны қайырылсын.
Еркектерiм
Көк тiреген емендей болсын,
Ақылдары
айдын көлдердегi
Тереңдей болсын!
Әйелдерiмiздiң
Саба мен местердей
Қарындары қампиып
Құрсағы кеппесiн.
Сұқ сөздiң сұғы,
Зымиян тiлдiң
Оғы өтпесiн.
Бiрлiгiмiз
Шаңырақ көтерiп тұрған
Қарағайдан иiлген
Уықтай болсын.
Сыйластығымыз
Бетiн жел сипамаған
Тұнықтай болсын.
Ұлдарымыз
Алшаң-алшаң жүретiн,
Балпаң-балпаң басатын,
Ханшалардың шымылдығын
Найзасының ұшымен ашатын,
Жолбарыстарды алып ұрып
Сүтiн iшетiн,
Сөйтiп шөлiн басатын, –
Арда болсын.
Түңлiгiмiздi
Қыдыр Ата қорғасын.
Тiрлiгiмiздi
Әулие-әмбиелер,
Қамбар ата,
Шопан ата,
Зеңгi баба,
Ойсылқара,
Сексек ата қолдасын!
Бiзге қас қылғандардың
шаңырақтары шартылдап
Босағалары партылдап сынсын.
Тәңiрiнiң өзi оларды
Тас төбелерiнен
Қос қолдап ұрсын.
Көк тәңiрi,
Тiлегiмдi қабыл ет!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Көк Түрік абызының тілегі өлеңінің авторы кім?

Темірхан Медетбек — осы өлеңнің авторы.

Көк Түрік абызының тілегі өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Көк Түрік абызының тілегі өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Темірхан Медетбек өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Көк Түрік абызының тілегі өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері