Алыс-жұлыс дүние – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Алыс-жұлыс дүние» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 20.06.2022
  • 0
  • 0
  • 913
Дүние алыс-жұлыс.
Досыңның өзi
Шатақ iздеп
Шадырайып шыға келедi, –
Тамырлары
Бiлем-бiлем боп
Адырайып шыға келедi.
Көзi бақырайған
Қорқағың да
Бұзылып тұр.
Ынжығың да
Кiжiнiп тұр.
Айнала түгел
Шап берсең
Тап бергелi тұр, –
Маңдайыңды айырып
Қақ бөлгелi тұр.
Мүсәпiрiң де
Кiсәпiр сияқты, –
Қолына түссең
Жаныңды шырқыратып
Қысатын сияқты.
Дүние алыс-жұлыс.
Құдайдың құдiретi-ай! –
Ең жақының да
Сенен жырылып
Қиыс шығып кеткендей...
Құмырсқаға дейiн
Сойыл көтерiп,
Көбелекке дейiн
Мүйiз шығып кеткендей.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері