Қаншама қырын келсін тағдыр, мейлі – Сәкен Иманасов

Бұл бетте «Қаншама қырын келсін тағдыр, мейлі» атты Сәкен Иманасов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 31.05.2021
  • 0
  • 0
  • 681
Қаншама қырын келсін тағдыр, мейлі,
қиналған кездерімді жан білмейді! —
Ешкімге шағындырмай,
табындырмай,
өмірдің өзі-ақ мені әлдилейді!
Бұралаң тіршіліктің сан дүрмегін,
шыдаған көтеруге балғын белім,
Жылаған (жасырынып) шақтарда да
басымнан сипаған жоқ тағдыр менің.
Өзгенің өтесі жоқ, сірә, маған,
ешкімді оған бола кінәламан!
Келгенше осы жасқа,
шынымды айтсам,
көрмедім жанашырлық бір ағадан.
Әйтеуір өрге сүйреп өз басымды,
ешкімге көрсетпедім көз жасымды.
Сезуші ем
тағдырыңның тәлкегінен
тулақтай
түгі түсіп,
тозбасымды!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері