Қаралы Қараойда болған түнгі оқиға

Бұл бетте «Қаралы Қараойда болған түнгі оқиға» атты Темірхан Медетбек жазған жоқтау өлең берілген. Өлең мәтіні, текст, өлең жолдары және толық нұсқасын осы жерден оқуға болады.

  • 25.06.2022
  • 0
  • 0
  • 610
Мәңгiлiк қаралы
Қаройдың үстiн
Қап-қара қалың
Қара бұлттар басқан кезде;
Қараң-құраң
Қалбаңдаған көлеңкелерден шошынып
Байғыз бiткен
Бажылдап қашқан кезде
Қара топырақты қопарып
Үстiнде жатқан
Шабылған басын
Қолына ұстап
Қапалы Махамбет
Қабiрден шықты.
Сол кезде
Айналаны бөрлiктiрiп жiберген
Сан дыбыстар мен
Сан үндер шықты.
Көзге көрiнбейтiн
Алыс-шабыс,
Апыр-топыр басталды:
Бiреуi өлдi,
Бiреуi өлмедi...
Көзге көрiнбейтiн жебелер
Жыландай ысқырып ұшып,
Көзге көрiнбейтiн адырналар
Ала өгiздердей мөңiредi.
Қараң қалған
Мына дүние
Шарт етiп сынардай болды,
Көктегi бұлттар
Аударылып-төңкерiлiп –
Будақ-будақ боп
Бiрде аспанға шапшып,
Ендi бiрде
Қара жерге
Бүкiл салмақ-аумағымен
Жалп етiп құлардай болды.
Қаройдың үстiне
Қара жалын сияқты
Қара құйын үйiрiлдi.
Созылып жатқан қара жер
Кепкен терiдей жиырылды.
Көзге көрiнбейтiн
Адамдардың қиқуы мен
Көзге көрiнбейтiн
Аттардың тұяқтары
Қаройдың үстiн
Дүрлiктiрiп жiбердi.
Сол үндер мен дыбыстар
Адамның жанын
Әбден дiңкелетiп
Сүрлiктiрiп жiбердi.
... Басын қолына ұстаған
Қапалы Махамбет
Қаройдың жотасына шығып
Аялдады.
Сонан кейiн
Басын орнына қойғысы кеп
Әрi әрекет еттi,
Берi әрекет еттi.
Қоя алмады...
Сол кезде
Аспанның түкпiрiнен шыққан
«Ей, Махамбет,
Мына бассыз дүниеге
Бастың керегi не?: – деген сөз
Қароайды толтырып
Жаңғырып жатты.
(Сол күнi
Бұлт астындағы Ай
Бағыт-бағдарсыз
Қаңғырып батты.)
Сол сөздi естiген
Мына сұм дүние –
Үстiнен
Топырақ саулап! –
Сүмiрейiп тұрды.
Тұла бойын
Ыза мен кек,
Ашу мен намыс буған
Қайран Махамбеттiң
Бассыз мойыны
От құсатын
Вулканның өңешiндей боп
Үңiрейiп тұрды...
Қайран батырдың
Амалы таусылды.
Тұла бойындағы
Ыза мен кек,
Ашу мен Намыс
Кеудесiн қышқаштай қысып
Бүрiп бара жатты.
Сонан кейiн
Қапалы Махамбет
Басын кеудесiне қысып
Қабiрiне қайтадан
Кiрiп бара жатты.
Айнала тым-тырыс,
Тып-тыныш боп
Iшiнен тына қалды.
(Асау өлеңдерiм ғана
Жүрегiме тығылып
Солқылдап
Жылап алды).
Әлдене құбылды,
Әлдене құрыды.
Тек қана сонау алыста
Қасқыр ұлыды.
Iшiн тартып,
Iшегiн үзiп
Ұзақ-ұзақ ұлыды.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Қаралы Қараойда болған түнгі оқиға өлеңінің авторы кім?

Темірхан Медетбек — осы өлеңнің авторы.

Қаралы Қараойда болған түнгі оқиға өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Қаралы Қараойда болған түнгі оқиға өлеңі не туралы?

Бұл шығарма жоқтау өлең ретінде танымал. Өлеңде автор өз ойын көркем түрде жеткізеді.

Қаралы Қараойда болған түнгі оқиға өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері