Тұтқынға түскен көк түрік аруының зары

Бұл бетте «Тұтқынға түскен көк түрік аруының зары» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 25.06.2022
  • 0
  • 0
  • 624
Ой, Тәңiрi-ай!
Күнi кеше ғана
Таудың тас емшегiн иiтiп
Алтын шайып ағатын
Бұлақтың жағасында өскен
Құрақ едiм ғой.
Бүкiл бiр елдiң
Алтын тұғырында
Алтын сәулелер жамыратып
Жарқырап жанып тұрған
Шырақ едiм ғой.
Апыр-ай,
Орақ қиған құрақтай –
Шынымен! –
Өлгенiм бе?!
Албасытының демi тиiп
Жалп етiп өшкен шырақтай –
Шынымен! –
Сөнгенiм бе?!
Қарға түстес қара шашымды
Алдыма жайып
Зарлап отырмын.
Қураған қамыс iшiнде
Уiлдеген желдей боп
Сарнап отырмын.
Түйелерi
Жынын шашып бақырып,
Жылқылары
Жаны шырқырап кiсiнеп,
Бұқалары
Күлiн шашып мөңiреп,
Қошқарлары
Басын шайқап азынап,
Азан-қазан боп
Босып кеткiр
Қараң қалғыр қаскөй елдiң
Қолына түскенiм-ай.
Өзеннiң тұнығында
Аппақ сазандай
Асыр сап ойнап жүрiп
Аңдаусызда
Торына түскенiм-ай.
Жүрегiме мұз басқандай
Түршiгiп кеттiм.
Сандық тастың астынан
Ысқырып шығатын
Сары жылан шақпай-ақ
Ыза мен күйiктен
Iсiнiп кеттiм.
Үстiме күн түсiрмей
Мәпелеп өсiрген
Ағайын туыс пен
Туған ағамдай
Жақыным бар едi.
Сол жақыным, қайдасың?!
Серттен берiк сөз берiскен,
Тәттi тiлмен бал берiскен
Батырым бар едi.
Сол батырым, қайдасың?!
Ей, Тәңiрiм,
Осы тiлегiмдi бершi:
Сол жақынымнан айырған,
Сол батырымнан айырған
Құрып кеткiр мына елдiң
Iшi-сыртын түп-түгел
Бақа-шаяндар басып,
Шұбар жыландар жайласын.
Қазiр менiң
Көзiмнен төгiлiп
Көлдей болған жасым
Аспанға бу боп ұшып
Бұлтқа айналып,
Төбемнен қайта
Жаңбыр болып жауып тұр.
Ей, Тәңiрi,
Маған азаттық бермесең де, –
Егер бар болсаң! –
Мына қас жауымның
Әрбiр көрген күнiн
Азап пен тамұқ қыл!
Жайқалған жасыл шалғынын
Қыл менен қылтанақ етiп,
Аспандап өскен ағаштарын
Бесiк етпей,
Табыт қыл!
Ей, Тәңiрi,
Бер осы тiлегiмдi.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Тұтқынға түскен көк түрік аруының зары өлеңінің авторы кім?

Темірхан Медетбек — осы өлеңнің авторы.

Тұтқынға түскен көк түрік аруының зары өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Тұтқынға түскен көк түрік аруының зары өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Темірхан Медетбек өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Тұтқынға түскен көк түрік аруының зары өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері