Түңілгенде – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Түңілгенде» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 25.06.2022
  • 0
  • 0
  • 473
Жер шарын
Құшақтай алатын
Алып құшағым
Тарының қауызындай боп
Тарылды.
Дүние ісініп қабынды.
Бүкіл үмітім
Суға батқандай.
Әлемтапырық
Дауыс шығады:
Біреуді біреу
Бауыздап жатқандай.
Қасіреттерім
Абайдың өлеңіндей.
Мен үшін
Дәл қазір
Қалың орманың
Түнектің әлеміндей.
Ең сұлу сарайларың
Жын-шайтан ұрасындай.
Бүкіл дарияларың
Өткел бермейтін
От дариясындай.
Басқаны айтпағанда —
Санамның өзі —
Қасірет санасындай.
Көшедегі
Ағаштардың өзі —
Мені күтіп тұрған—
Дар ағашындай!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері