Эфир – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Эфир» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 25.06.2022
  • 0
  • 0
  • 824
«Көзге көрінбейтін
Эфирлердің толқындары
Өрмекшінің торлары құсап
Алып Қазақстанды
Буып барады.”
Осылай сөз айтып ем
Әлдекімдер
Бетімді аяздай қарып,
Ызбарын өңменімнен өткізіп
Суық қарады.
Амал не,
Шындығы солай! –
Бажылдап ажылдаған,
Ділімді үзген,
Дінімді бұзған
Эфирдің торларына
Өңкиген “пірлерің” де,
Дөңкиген пілдерің де,
Шыбын құрлы болмай
Оралып қалған.
Бар әрекет,
Күш- қуатынан
Тоналып қалған.
Жанын жонып алған
Қанын сорып алған.
Қазір Қазақстан
Босанамын деп
Не бұлқына алмайды,
Не жұлқына алмайды.
Әйтеуір– анда- санда! –
Әлдене деп
Бақшадағы қарақшы құсап
Қалбаң- қалбаң етеді...
... қамығып аспанға қарасам
Жат жұрттық тік ұшақ
Эфирлердің торларының ішінде
Алып өрмекшілердей
Арбаң-арбаң етеді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері