Бұл бетте «Іздеймін» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Мен қазір
Сөздері де келіскен,
Өздері де келіскен.
Елі мен жері үшін
Билік таластырмай,
Билік бөліскен
Керей мен Жәнібектей
Көсемдерімді іздеймін.
Мен қазір
Қарсы келгенді
Жасындай жасқайтын;
Перідей бүлік,
Жындай бұзықтың өзін
Сөзбенен буып,
Сөзбенен матап тастайтын
Төле мен Қазыбек,
Әйтеке сынды
Шешендерімді іздеймін.
Мен қазір
Шапқан сайын үдеп
Мына тірліктен
Азат табатын;
Тіктеп түскен тұяқтан
Кішігірім қазан асатын
Ошақ қалатын
Тайбурыл секілді
Қазанаттарымды іздеймін.
Мен қазір
Тау қопарып,
Тас жарып кеп
Шалқасынан жатса —
Құшағына! —
Бір аумақ бұлт толатындай;
Етпетінен жатса —
Арқасына! —
Айырплан қонатындай
Қажымұқан тектес
Азаматтарымды іздеймін.
Үмітімді үзбеймін.
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
- Сәкен Сейфуллин
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі