Өзгеріс – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Өзгеріс» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 27.06.2022
  • 0
  • 0
  • 691
Бір кезде көз көрген
Бәрі де өзгерген.
Бір пәле келген сияқты
Ұрланып бір:
Бүгінде
Қызылқұмымның
Қып-қызыл беті —
Теміреткі түскендей! —
Сұрланып тұр.
Алатауымның,
Алтай тауларымның
Аппақ сақалдарынан
Тарам-тарам
Жас ағуын-ай.
(Әне бір оңбағанның
Соны да
Шырын деп ойлап,
Таңдайы тақылдап
Тамсануын-ай!)
Өзендерім
Домбыра мен
Қобыздың
Шектеріндей болып
Жіңішкерген.
Үзіліп кетер ме екен?!
(Бұл жылы да
Қайтқан құстар —
Төбемнен
Тізіліп өтер ме екен?!)
Қайран, дүние-ай!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері