Өсекке ода
Бұл бетте «Өсекке ода» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.
Оған тең келмес
Қандай бір таралым да...
Ол бүгінде —
Ешқандай құралсыз-ақ! —
Ауызекі, ауызша
Миллиондаған
“Тиражбен” таралуда.
Оған түк емес,
Жапан түз, қиырың да...
Автобустарыңа да,
Пойыздарыңа да,
Ұшақтарыңа да
Кірген-шыққанмен,
Ұялы телефондармен
Үздіксіз құйылуда.
Ең бір күштімен де
Тең тұрып
Сөйлесе беретін
Өрелісін-ай,
Кім-кімді де
Арбап жіберетін
Қызыл-жасылды әлемішін-ай...
... Мына бір өсектің
Күніңді қараң етердей
Қап-қара бұлттай
Түйілуін-ай.
Мына бір өсектің —
Тәттілігі сондай! —
Таңдайыңды тамсантып
Үйіруін-ай.
Мына біреуінің
Бұзығын-ай...
Әне біреуінің
Қызығын-ай...
Әне біреуі —
Оқ сияқты —
Әлдекімдерді жаралап жүр.
Мына біреуі —
Үкімнен бетер! —
Ақ адал адамды
Қаралап жүр.
Ұлы мәртебелі
Өсек ханымға
Бар есік ашық қой:
Парламент дәліздерін де,
Ақорда кабинеттерін де
Сылаңдап аралап жүр.
Аты Өсек болған соң
Бәленің бәрін
Ұғып тұрады.
Бәленің бәрін
Біліп тұрады.
Басқасын былай қойғанда
Темірбетонды! —
Түрмелеріңе де —
Ешқандай кедергісіз! —
Кіріп-шығады.
Апыр-ай,
Оның да соңынан —
Сығалап! —
Күдік пен Сезік жүреді.
Өсек оны неғылсын!
Өйткені ол
Сөз бостандығы тұсаулы
Елдердің де
Қуыс-қуысына кіріп,
Тамыр-тамырларын қуалап
Желдей есіп
Кезіп жүреді.
Неткен еркіндік!
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Әл – Фараби
- Төлепбек Жантай
- Есбол Бозан
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі