Өлең, жыр, ақындар

Бүгінгі кеш

  • 07.07.2022
  • 0
  • 0
  • 810
Шадыман кешті бүгін шолғанымда
Шат қала алтын көзді шамдары да
Жарқырап, нұрын төкті, сәуле шашып,
Жайнаған әр үйдің бір шарбағында.
Қаңтардың кеші дала үстін орай,
Сәулесін тау төсіне тостырып ай!
Қанаты қар жамылған теректер тұр —
Аспалы жалтыраған люстрадай.
Тұрғандай қыста жаздың сағымы ойнап,
Көк мұздың айдынына салып ойнақ,
Сырғанақ тепкен жастар жұлдыздайын
Ағады, өр жанында жалын ойнап!
Осы түн — тез атқандай тосқан таңы,
Колхозда, совхозда да жастар тағы
Шаттанған: би билесіп, ән шырқасып,
Әр үйдің тұр жаюлы дастарханы...
Көз тарта жарқыл қағып жанған шамы,
Құлпыртып әр бөлмеде көк аршаны
Жайқалтқан, көрсең: жасыл жапырағы —
Секілді жас ұрпақтың болашағы!
Бұл кешті десеңіздер:— қандай қызық?
Аспанның көк теңізін шарлай жүзіп,
Жас таңы жаңа жылдың келе жатты
Қанаты жұмыр жерді жайнай сызып...
Талпына самғай ұшқан тас түлектей,
Жарқылдап бұл жыл басы жақсы үміттей,
Жаңа бір бесжылдықпен келді бірге
Жиырма бес жасқа толған жас жігіттей.
Бар дейсіз: — бұл мейманды тоспаған кім!
Қалмақшы мұндай кешті қостамай кім!
Достар да күтті осыны тыңындағы —
Көкшетау, Павлодар, Қостанайдың!..
Өзі боп жаңа жылға бас куәнің
Сағаты Кремльде Москваның
Сыңғырлай сайрады күй, соқты он екі!
Жолдастар, шырқалық бір достық әнін!

1955



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бір шырқалық

  • 0
  • 0

Егіз елді шомылтып,
Егіле ағып Чу жатыр,
Төлді суға тоғытып, —
Шопанымыз шыңда тұр.

Толық

Түс

  • 0
  • 0

Әркімнің бар өз тағдыры,
Әркім сүре, жолында өзі:
Біреу жасап, біреу бұзып,
Жүрсе - дағы тоймас көзі.

Толық

Гагра

  • 0
  • 0

Аясын кең Абхаздың
Ашып теңіз жарына,
Бұлт түндігін шат-құздың
Түрген таулы Гагра.

Толық

Қарап көріңіз