Нарын түні – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Нарын түні» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1301
Сары иық Нарын құмының
Күзгі түні тартты ызғар,
Жарығы ай нұрының
Жерден ине тапқызар.
Киігі желдеп түнде өрген,
Құмы жалпақ осы алап,
Қояны шошып жүгірген,
Жұлдызша ағып қосаяқ.
Одан басқа дыбыстап
Жел сәл үрген жапырақ,
Зіл ұйқыда тыныстап
Жатты нартау топырақ.
Жұлдыз оты төгіле
Құм бойына тез тарап,—
Жүзді түнгі көгінде
Ай — дөңгелек жез табақ.

1957


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері