Күтіп алшы – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Күтіп алшы» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 935
Біз майданда от шашуға адамның
Ажалы үшін жасамаймыз темірді,
Біз жасаймыз бақыты үшін әлемнің,
Жайқалтуға бейбітшілік өмірді.
Біз қарсымыз оққа дабыл қаққанға,
От ашпаймыз, бейбітшілік жолымыз,
Айға жеткен ракетам атқанда,
Қажет болса қайда жетпес оғымыз!
Отан даңқын мақтан етпей болмайды,
Желден жүйрік оздық алға самғап та,
Айта берсек таусылар ма ондайды
Оралалық елге қайтқан солдатқа.
Қарлы қырда құлаш жайған қос шойын
Паровоздың дөңгелегін жалады,—
Кең даланың көзбен шолып төскейін,
Терезеден солдат алға қарады...
Өрден өрге тартшы шапшаң паровоз,
Асық поезд, зымырашы, зырлашы!
Жаутаңдаған қырда талай қара көз
Жігіттерді күтіп алшы, тұрмашы!

1960


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері