Гагра – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Гагра» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 913
Аясын кең Абхаздың
Ашып теңіз жарына,
Бұлт түндігін шат-құздың
Түрген таулы Гагра.
Қара теңіз заңғардың
Толқыны жар соғып бір,
Тас емшегін таулардың
Солқылдата сорып тұр!
Алды теңіз, арты тау,
Кәрі қорған Гагра,
Әр тасында жатыр-ау! –
Заманғы аңыз жаңғыра...
Әлдиленіп ақ бұлтқа
Тербеледі тау басы,
Ұсап жанған жақұтқа
Жайнап-ақ тұр миуасы.
Гүлі күлте, бойы тік
Кипарисі, пальмасы,
Көзді көрген ұйытып
Өскен сұлу тұлғасы.
Алды теңіз, арты тау,
Неткен сұлу Гагра!
Көркіне енді япыр-ау, –
Не жетпейді тағы да?!
Қара теңіз заңғардың
Толқыны жар соғып бір,
Тас емшегін таулардың
Солқылдата сорып тұр!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері